Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі: тілші Гүлжан Марқабаева вакцина салдырды

Тайталасуға тұрмайтын тіркес. Бірақ Қазақстанда әлі күнге дейін вакцинациялау қарқыны баяу. Елде екпе егу науқаны басталғалы үш айдан асты, оны алғандардың саны 2 млн-ға әлі жеткен жоқ.

Отандық медицина мамандары: «екпенің зияны жоқ» деп сендіріп, ал тарихшылар екпе салып тоқтатқан ескі індеттерді айтып, тарихи деректерді алға тартып жатыр. Ал министрлік: «Осы айда вакцина алу қарқыны 12% өсті», – дейді. Біздің тағы бір тілшіміз вакцинаның кешегісіне көз жүгіртіп, бүгінгісін барлап, екпе алып қайтты.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:

- Өкпенің 64% істен шықты, 1,5 ай қиналдым.

Танымал хирург, экс-министр Жақсылық Досқалиев өткен жазда өзгенің емес, өзінің өмірі үшін күресті. Ай жарым ажалмен арпалыс. Қорқыныш пен күмән. Дәрігер Досқалиев өз тәжірибесінде мұндай емі жоқ кеселді алғаш көруі.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:

- Коронавирус қанша уақыт болады мен білмеймін.

Коронавирус келгелі, өмірімізге енгелі бұл тақырыпты тарихшылар да зерттей бастады. Солардың бірі – Бүркіт Аяған. Оның байқауынша, әр 40-50 жыл сайын адамзатты жаңа вирус қынадай қырады.

Бүркіт Аяған, тарих ғылымдарының докторы:

- 1918 жылы, осы ХХ ғасырдың басында «испанка» дейтін көгілдір вирус болған. Ол шошқадан таралған. 1918 жылы басталған ауру 2021 жылға дейін келді, кем дегенде 40-50 млн халық қырылып қалды. Бұл тым жоғары көрсеткіш.

Үлкен цифрлар Үндістанды да үркітіп отыр. Коронавируспен ауырғандар саны бұл елде 22 млн асты. Бұл қашан басылады? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да жауабы жоқ. Өткен аптада ғана 90 мың науқас көз жұмған. Адамзат әлі де алаңсыз.

Тедрос Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

- Біздің ұйым да қоғам мен экономика қайта қалпына келіп, сауданың жанданып, туризмнің тірілгенін қалайды. Дегенмен көп елдерде аурухана лық толы, адамдар әлі де қайтыс болып жатыр. Олардың арасында жас, бойында қуаты бар азаматтар да бар. Вирустың таралуына қарамастан кейбір елдерде мейрамханалар мен базарлар ашық, адамдар сақтық шараларын сақтамайды.

Қазір ғылымның жілігін шағып, майын ішкен атақты ғалымдардың өзі коронавирус індетінің қашанға дейін созылатынын білмей отыр. Ал нақты жауап жоқ жерде, дүдәмал ойлар көп. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған Жақсылық Досқалиевтің пікірінше, індетті жеңудің жалғыз жолы –вакцина. Оған тарих куә. Адамзат өз тарихында екпе арқылы бірнеше індетті жеңді.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:

- «Табиғи оспа» деген бар, соған қарсы мына иығына егілді. 150 жыл егілді. Осы 2003 жылдан бастап біздің Қазақстанда бұл екпе жүрмейді. Демек біз бұл індетті жеңдік деген сөз. 150 жыл, 1,5 ғасыр деген сөз ғой, біз күрестік, жеңдік. Коронавирус қанша уақыт болады мен білмеймін. Бірақ қарсы тұра алатын жол осы. Басқа жолы жоқ.

Басқа жол жоқ десек те, кейбір қазақстандықтар бұған мойынсынбай, вакцина алуға қарсылық білдіріп жүр.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Біз бүгін тілдескен отандық медицинаның өкілдері екпенің пайдасын айтады. Ал, сіз кімге сенесіз? Маманға ма, әлде ғаламтордағы беймәлім біреудің пікіріне ме? Біз екпе егу науқанын насихаттаудан аулақпыз, себебі әуелден бұл іс әркімнің өз еркі екені айтылып келеді. Дегенмен мен бүгін өз басым вакцина салуға келдім. Себебі өзім үшін де, өзгелер үшін де қауіпсіз болғым келеді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев