Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы алдағы демалыс күндері көрерменге бірқатар қызықты жоба ұсынады

«Хабар» арнасы алдағы демалыс күндері көрермендерге осындай бірқатар қызықты жоба ұсынады. Сондай-ақ тікелей эфирде «Өнер барысы» ұлттық жобасын тамашалауға мүмкіндік бар. Боз кілемде еліміздің мега жұлдыздары мен танымал өнер адамдары белдеседі. Қызықтан құр қалмаңыз.

16 желтоқсан. «Хабар» арнасы сағат 09:00-ден «Тәуелсіз ел тарихы» мерекелік телемарафонын бастайды. Тілшілер аймақтардан тікелей эфирге шығып, жетістіктерімізге шолу жасалады. Құттықтаулар мен видеожолдаулар да көрсетіледі.

Ал көпшіліктің зор сүйіспеншілігіне бөленген «Өнер барысы» ұлттық жобасы биыл да ұйымдастырылады. Онда еліміздің мега жұлдыздары, танымал өнер адамдары қазақша күрес ережесімен боз кілемде белдеседі. Жобаны спортсүйер қауым «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Басталуы сағат 12:00-де. Жарысқа «Қазақ күресі» федерациясының өкілдері төрелік етеді.

Спорттық бәсеке сұлу саз бен көтеріңкі көңіл күйге толы әншашумен жалғасады. Тәуелсіздік күні мерекелік концертін 16 желтоқсан сағат 18:00-де көре аласыздар.

Эфиріміздің тағы бір жауһары қазақтың бұл-бұлы Бибігүл Төлегенова жайлы түсірілген туындыны назарларыңызға ұсынамыз. «Өнегелі ғұмыр. Бибігүл Төлегенова» деректі фильм ертең, 08:30-да эфирге шығады.

Арнамыздағы маңызды тұсаукесерлердің бірі – «Полигон» телехикаясы. Онда 80-ші жылдардың аяғындағы Семей ядролық сынағының жабылуына әсер еткен оқиғалар тізбегі қамтылған. Саяси детектив жанрында түсірілген туынды 17 желтоқсаннан бастап эфирге шығады. Фильм шытырман оқиғаға толы. Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтату бір күнде қабылданған шешім емес. Сол маңызды тарихи кезеңнің бар ақиқаты алты бөлімдік сериялда көрсетіледі.

Ал шынайы оқиғалар бойынша түсірілген туындыларды жаныңыз сүйсе, 17 желтоқсанда «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін жақсы көремін» киноновелласын жіберіп алмаңыз. Туынды арманшыл ауыл баласы, қазақтың жомарттығы, адалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді ұстанатын отандастарымызды таныстыру мақсатында арнайы түсірілген.

Төрт күн демалыста еліміздің басты арнасында мәдени, музыкалық және театрландырылған қойылымдар көп болады. Солардың бірі – «Сұлтан Бейбарыс» балетінің теленұсқасы. Сонымен саясат пен спорт немесе классикалық және дәстүрлі музыка дейсіз бе?! Әркім жанына жақын дүниені таба алады.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы