Хабар телеарнасы

Тәуелсіздік күніне тарту: «Хабар» Агенттігі мерекелік бейнебаян ұсынады

Ән «Қазақтың ұлдары» деп аталады. Туындыны талантты жас әнші Ержан Максим орындайды.

Ержан Максимнің жаңа клипі «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. «Қазақтың ұлдары» деп аталатын әннің сөзін ақын Рахат Әбдірахманов жазған. Музыкасы Ерболат Досболатұлынікі.

Былтыр Ержанның Junior Eurovision байқауында 2-орын алғаны баршаңызға мәлім. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді халқымыз. Бұл клип – «Хабар» Агенттігінің өнер додаларында топ жарып жүрген Ержанға жасаған сыйы.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Жақсы тарту болды деп ойлаймын. Өйткені ол өлең, бейнебаян да қазақтардың тарландарына арналған. Осы бейбіт елдің батырларына арналған. Ержан Максимді қолдау ретінде осындай бейнематериалды түсірдік.

Клипке Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, кәсіби боксшы Жанқош Тұраров секілді спортшылар мен әншілер түсті. Режиссері – Нұрсерік Қамбар. «Ән мен түсіру жұмыстары да көңілімнен шықты», – дейді өнерпаз.

Ержан Максим, Junior Eurоvision ән байқауының жүлдегері:

- «Қазақтың жігіттері бір-бірін қолдап жүрсін» деген ниетпен осы әнді шығардық. Өте керемет өтті. Өзімізге қатты ұнады және клип те өте қызық болды. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Тәуелсіздік күніне арналған жаңа бейнебаянның тұсаукесерін бүгіннен, яғни 14 желтоқсаннан бастап «Хабар» телеарнасынан және «Хабар» телеарнасының YouTube арнасыннан тамашалай аласыздар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев