Хабар телеарнасы

«Хабар» – әлемдік медиа алпауыттармен терезесі тең ірі холдинг

Ширек ғасыр ішінде «Хабар» телевизия саласындағы білікті мамандардың ұстаханасына айналды, үлкен мектеп қалыптастырды.

Агенттік заман көшінен қалған емес. Бүгінде «Хабар» – әлемдік медиа алпауыттармен терезесі тең ірі холдинг. Бұл абырой оңайлықпен келген жоқ. Оның артында телеарнада жұмыс істейтін әр қызметкердің еңбегі жатыр. Өз жұмысына адал қарайтын ұжым ғана осындай мәртебеге лайықты.

Төрт арнаны топтастарып, төрткүл дүниеге хабар таратып отырған «Хабардың» төртеуі түгел бүгінде.

Бірлік Берікұлы, тілші:

– 25 жыл – «Хабардың» хабар болғанына. Ширек ғасыр бұрын тәй-тәй басқан телеарна бүгінде төрт арнаны тоғыстырған үлкен Агенттікке айналды. «EL ARNA», «Хабар 24», «KAZAKH TV» және «Хабар» арналары осының айғағы. Телешаңырақтың бүгінгі мерейтойы барша көзі қарақты көрерменнің мерекесі.

1995 жылдың 23 қазанынан бастап Агенттік тарихы ресми түрде жазыла бастады. Сол жылдары қалың бұқара теледидарға телміріп, төл туындыларды жата-жастана күтетін. Ал отандық өнімдерді өмірге алып келетін арна қызметкерлері көпшіліктің көңілінен шығу үшін тыным таппай тер төгетін. Шығармашылық шабытта шек бар ма? Алақандай ғана бөлмеде мұқым елдің мүддесі үшін түрлі туындылар таспаға түсірілетін.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

– Барлығы есімізде. Не бары 3-4 бөлмелі мекемеде жұмыс істедік. Енді ойлап қарасақ, сол аядай ғана бөлмеден қазір Қазақстан ғана емес, Орталық Азияға танымал Агенттікке айналдық. Өйткені болашаққа деген қадамымыз нық болды. Қызметкерлеріміздің көзінде от ойнап тұрды. Олар өте керемет тың туындыларды ойлап тапты. Шығармашылық шабыттарында шек болмады. Сол кезде бір арнаның жеткіліксіз екенін түсіндік. Ішкі аудиторияны кеңейтуді көздедік.

«Айтылмаса сөз жетім». «Хабар» арнасы әлеуметтік мәселелерден бастап саясат, мәдениет, халықаралық қақтығысқа дейінгі кезеңді бүкпесіз суреттеді. Елдегі және сыртқы оқиғаларды баяндады. Себебі жер-жаһаннан ақпарат таратуға толық әлеуеті жеткілікті болды.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

– «Хабар» өзін жарқын қылып көрсете білді. Біздің елді айтпағанда, орталық Азия, тіпті әлем халқы тани бастады. «Хабар» арқылы біздің елімізді, жерімізді танып біле бастағандар да болды. Жалпы айтқанда, арнамыз халықаралық форматта өз орнын айшықтап үлгерді. Біздің жетістігіміз бен ел жетістігін әлем елдеріне айтуға асықтық. Осылайша «Caspionet» халықаралық каналы пайда болды. Қазір ол шетелдіктерге «KAZAKH TV» бренді арқылы танымал. 118 елдің халқы бізді осы арна арқылы тамашалайды.

Ерлан Бекхожин Агенттік құрылған жылдары жаңалықтарды жүргізді. Тілшілік қызметті қатар атқарды. Жалындаған жас талант талай жобалардың басы-қасынан табылды. Медиа нарықта ойып тұрып орын алған «Хабар» арнасынан қанат қағып, Президент Телерадио кешенінің бас директоры лауазымына дейін көтерілді. Бүгінде – Агенттік Төрағасы. Қазір ол заман ағымына сай эфир өнімдерін өрлетуге күш салып жатыр.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

– Мен ютуб арнаның өкілдерімен кездестім. Олардың айтуы бойынша, әлеуметтік желідегі біздің тұрақты көрермендеріміздің саны 6 миллионнан асады. Бұл теледидарды қоспағандағы есеп. Жалпы айтқанда, еліміздегі аудиторияның үштен бір бөлігі біздің өнімді жата-жастана қарайды. Сондықтан біз өз көрермендеріміз үшін тағы да тың туындыларды әзірлеп, оларды қуантқымыз келеді.

Сөзімізге дәлел болсын. Осыдан 8 жыл бұрын қазақ телевизиясы тарихында жаңа арна дүниеге келді. Ол – «Хабар 24». Бұған дейін елімізде осы секілді тәулікбойы үздіксіз ақпарат тарататын арна болған емес. Қажырлы еңбектің жемісі жаңалықпен шектелмейді. Мұнда саясат, экономика, спорт секілді түрлі саладағы бағдарламалар эфирден өтеді. Көрерменге 100 пайыз отандық туындылар ұсынылады.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Ең бірінші болып оқиға орнына жетіп, сенімді ақпаратты жан-жақты етіп, көрерменге ұсынатын осы біздің – «Хабар 24» арнасы. «Хабар 24» арнасының бір жылда жасайтын тікелей эфирдегі шығарылымдары, бағдарламалары, жаңалықтары, жалпы бір жылда жасайтын ақпараттық өнімдеріне Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда анау-мынау телеарна жете алмайды деген пікір айтсам, ешкім қарсы болмас.

Иә, себебі Агенттік елдегі ғана емес, шетелдік жаңалықтарды да лезде жеткізеді. Ол үшін шартарапта білікті әрі білімді тілшілер қосыны жасақталған. Сәйкесінше, біздегі оқиғалар мен қазақ жерінің тұмса табиғаты, салт-дәстүрі, қала мағлұматы «KAZAKH TV» арқылы әлем тамашалап отыр. Ал соңғы үш жылда қайта түлеген «EL ARNA» түркі тілдес елдердің туындылары мен отандық киноларды көрерменге ұсынып жүр. Айтпақшы, биыл арнаның бағытына өзгешеліктер енгізілмек.

Арман Сеитмамыт, «EL ARNA» телеарнасының директоры:

– «EL ARNA» бұған дейін тек қана кино каналы болса, отандық және түркі тілдес елдердің киносын көрсетсек, жақын арадан бастап біз спектакльдерді түсіре бастадық. Ал осы жаңа маусымнан бастап, «EL ARNA» ғылыми-мәдени ағартушылық бағытта өзінің көрермендеріне жаңа туындыларды ұсынатын болады.

«Хабар» Агенттігі – талай тілшілердің белін буған ұлттық ұстахана. Оған себеп осы арнаның табалдырығын аттаған кей қызметкерлер қазір мемлекеттік маңызды істердің ілгерілеуіне атсалысып жүр.

Айтпақшы, «Хабар» Агенттігі алдағы уақытта да көрермендер ықыласы үшін бірнеше қызықты жобалар әзірлейді. Телебағдарламалар, қоғамның тыныс-тіршілігін боямасыз көрсететін ақпараттық сюжеттер, салмақты сұхбаттар мен көңіл қылын қозғап, ой сергітетін мәдени, ойын-сауық жобаларды дайындауда алдыңғы қатарда.

Авторы: Бірлік Берікұлы