Хабар телеарнасы

«Хабарға» 25 жыл: Ширек ғасырда телеотбасы жаңартылды

Мемлекеттік мүдде, ұлттық ұстанымға сай күнделікті жаңалық беріледі. Дегенмен телеотбасының ел ішіндегі хабар, бағдарламаларымен қатар, халықаралық жобаларды да қолға алып, табысты жүзеге асырып жүргенін көрермен жақсы біледі. 25 жылда «Хабардың» ұйымдастыруымен рухани-мәдени бағыттағы бағдарламалар Қазақстан имиджін көтеріп, ел абыройын асқақтатқан талай байқау эфирге жол тартты.

Ел болып ен дүрмектің ішіне енгелі «Хабар» жаңалық таратып қана қоймай, мәдени кеңістіктің көкжиегін кеңейтуге күш қосуда. Елдің мәдени қазанында қайнаған жауһарларды сүзіп, қалың көрерменге көрсеткен «Алматы – менің алғашқы махаббатым» фестивалі – «Хабардың» төл жобасы.

Музыкалық ретро-фестиваль алғаш 1999 жылы өткізілді. Былтыр 18 рет шымылдығын түрген «Алматы – менің алғашқы махаббатым» жобасы бүгінде нағыз бренд пен символға айналып үлгерді.

Жас таланттарға қанат бітірген тағы бір жобаның құрылтайшысы – «Хабар» арнасы. «Жас қанат» байқауы жас әншілердің тұтас бір толқынын тәрбиелеп, өнердегі жолын ашты.

Талай дүлдүл, бұлбұл әншілер өнеріне бас иіп мойындап, әлем еліте тыңдайтын әлемге әйгілі әншіге айналған Димаш Құдайбергеновтің өзі 2012 жылы «Жас Қанатта» бас жүлдені иеленген болатын.

Елге танымал әнші Жанар Дұғалова да осы «Жас қанат» арқылы үлкен өнерге қанат қақты. 2001 жылы лауреат атанып, сахнада анасына жеңісін хабарлап, көрерменнің көзіне жас алғызған.

Міне, бүгінде төрт арнаның басын қосқан үлкен Агенттікке айналған «Хабар» жас таланттарды биік шыңға жетелеуді тоқтатқан жоқ. Қазақстан түгілі Орталық Азияны қамтыған «Central Asia’s Got Talent» шоуы – «Хабардың» төл туындысы. Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыз елінің көрермендерінің де назарын аударған жоба әйгілі британдық «Got Talent» телевизиялық байқауы форматында жасалды. Бірақ «Хабар» Агенттігі көрсетілім шеңберін кеңейтіп, оны бірден 4 елде өткізуді ұсынды.

Осылайша Қазақстанның халықаралық абыройын көтеруге үлес қосқан «Хабар» Агенттігі – Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі. Осының арқасында «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауына елден үміткер ұсыну мүмкін болды. Биыл конкурсқа Қазақстан үшінші рет қатысқалы отыр. 2018 жылы Данелия Төлешова «Өзіңе сен» әнін орындап, онлайн дауыс беруде үздік үштіктен, ұпай санымен 6-орыннан көрінген болатын.

2019 жылы бар қазақстандық демін ішіне тартып, Ержан Максим үшін тақымын қысқанда, ол 2-орын алған.

Айта кетейік, дүбірлі доданы ел аумағында «Хабар» арнасы трансляциялап келеді. «Хабар» қолға алған жобалар көп-ақ. Медианарықта оқ бойы озық болу үшін Агенттікті дамытудың 2021-2026 жылдарға арналған стратегиясы әзірленбек. Игі идеялар топтастырылмақ.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы

– Бүгінде «Хабар» ірі медиа агенттікке айналды. «Хабар 5.0» стратегиясы аясында осы маусымда қазақ тілінде «Бүгін» қоғамдық-әлеуметтік ток-шоуы эфирге шығады. Ал «Aitystar» жаңа жобасында танымал айтыскерлер жұлдыздармен бірге сөз шеберлігін сынға салады. Бұл бұрын-соңды телевизияда болмаған формат.

Биыл агенттікке – 25 жыл. Ширек ғасырда телеотбасы жаңартылды да, жаңғыртылды да. Талай өміршең жобаны эфирден жарқ еткізген телеотбасының келешегі кемел.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

– 25 жылдың ішінде «Хабар» Агенттігі отандық медиа саласына кәсіби продакшн, кәсіби бағдарламалар өндіру, продюсерлік басқару арқылы арнайы жобалар жасау, отандық телесериалдар өнімін қалыптастыру және дамыту секілді тенденциялармен отандық медиа және журналистика тарихында қалады.

Ел мүддесін ұмыт қалдырмай, ұлттық ұстанымды жоғалтпай, эфирлік өнім арқылы мәдениетті, елжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында жұмыс жалғаса бермек. Телевизиялық брэнд – төрт арнаның телеотауы әлі талай толағай табысты уыстарына күмән жоқ.

Авторы: Индира Жылқайдарова