Хабар телеарнасы

«Хабарға» 25 жыл: Ширек ғасырда арнаның қалыптасуына журналистердің еңбегі ерен

Ендеше арна ашылғалы бері бар-күш жігерін телевизия саласына арнаған аға буын өкілдерінің еңбегін еске ала отырайық.

«Хабар» арнасының атқарушы продюссері Ләззат Айтханқызының телевизиядағы еңбек жолы 1986 жылы басталды. ҚазГУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған жас журналист республикадағы басты арна «Қазақстан» телерадио кешеніне жұмысқа орналасады. Ол: «Осы уақыт аралығында сиқырлы телевизия әлемінің барлық сатысынан өттім», – дейді. Жаңалықтар бөлімінде ысылып, мазмұнды бағдарламалардың авторы болды. Ал 1995 жылы «Хабар» Агенттігі құрылған кезден бастап осы күнге дейін осы арнада қызмет атқарып келеді. Бастапқыда тілші, жаңалықтардың жүргізушісі, кейін меншікті тілшілер қосынына жетекшілік етті. Еліміздегі елеулі оқиғалардың ортасында жүріп жасаған қызықты репортаждары бүгінде тарих қойнауынан орын алды десек болады.

Есімі елге танымал, телевизия майталмандары Нұртілеу Иманғалиұлы, Тілеуқабыл Мыңжасар, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат, Ерлан Бекқожин, Дана Нұржігіт секілді әріптестеріміздің де «Хабардың» өркендеуіне қосқан үлесі айырықша. Парасатты да сабырлы қалпынан айнымаған Айтаханқызы бүгінде арнаның құрметті журналисі ғана емес, еңбек ардагері атанды. Бар тәжірибесін жастарға үйретумен келеді.

Ләззат Айтханқызы, «Хабар» Агенттігі» АҚ атқарушы продюсері, журналист:

– «Хабар» бізге көп нәрсені үйретті. Әрине, журналистика деген ол тынбай еңбектенуді қажет етеді. Күнделікті оқып, білім көкжиегін кеңейтіп отырмасаң болмайды. Оның үстіне қазіргі ақпаратық технологиялар дамыған кезеңде ақпарат алып, жан-жақтан жинау бір жағы жеңіл болса, бір жағы қиын. Өйткені көп. Бірнеше агенттіктер бар. Бәсекелес арналар бар. Қазіргі ақпарат берудің форматы өзгерді. «Хабар» Агенттігінің ақпарат кеңістігіндегі алатын орны ерекше. Талай жас журналистерді, мамандарды әзірлеп шығарды. Олардың бәрі қазір Қазақстандағы әртүрлі басылымдарда, кейбіреулері басқа телеарналарда, радиоларда, жалпы БАҚ-тың барлық саласында еңбек етіп жүр.

Ал белгілі журналист Сергей Пономарев «Хабар» арнасында 10 жылға жуық уақыт жұмыс істеді. Ізденімпаз тілші үнемі өзекті тақырыптарды көтеріп, өткір сюжеттер жасады. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарулы қақтығыс жайында эфирден хабар таратты. «Хабар» Агенттігінің тапсырмасымен әлемнің бірнеше елінде болып, талай репортаждар әзірледі.

Сергей Пономарёв, журналист:

– Мен «Хабарға» алғаш келген уақытта біздің ұжым өте ұйымшыл болды. Қандай тақырыпты жазсақ та, шектеу болған жоқ. Әріптестерім Гаухар Керімова, Гүлнар Омарбекова, Ольга Латынина, Татьяна Бенцтермен тату жұмыс істедік. Үлгере алмай жатқан уақытта бір-бірімізге көмектесетінбіз. Жалпы «Хабар» арнасы мені кәсіби тұрғыда шыңдады.

«25 жылда талай жас журналистің қанатын қатайтып, кәсіби толысып, дамуына жол ашқан «Хабар» арнасы тәрбие мектебіне айналды», – дейді ардагер журналистер. Олардың жолын бүгінде жас буын жалғастырып, көрермен үшін еңбек етуде.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев