Хабар телеарнасы

«Хабарға» 25 жыл: Кадр сыртындағы қарбалас. Бұрын және қазір

Осы аралықта теледидарға үңілген көрермен жаңалық жүргізіп отырған дикторларды немесе қолына микрофон ұстаған тілшілерді ғана көріп келеді. Алайда көрерменнің көзінен таса қалып, кадр сыртында еңбек ететін мамандар көп. Олар кімдер? Және олардың атқаратын қызметі қандай? Кадр сыртындағы қарбалас қазіргі уақытта қаншалықты өзгерді?

Зайнұр Байжігіт, тілші:

– Бұл бөлме ньюсрум деп аталады. Компьютерге үңіліп, саусақтары пернетақтадан түспей отыратын дәл осы адамдар жаңалық жасайды. Тілшілер, шығарушы редакторлар, халықаралық жаңалықтар бөлімінің қызметкерлері, продюсерлер, координаторлар. Тізе берсе, өте көп. Бұл жерде экрандағы жүгіртпе жолға жауапты маман отырады. Ол грамматикалық қателердің эфирге шықпауын қадағалайды.

Теледидарды таспагерсіз елестету мүмкін емес. Көгілдір экрандағы сапалы әрі сәтті кадрлар осы еңбек иелерінің қолымен жасалады. Басты қаруы камераның салмағы шамамен – 12-15 келі. Оған тіреуі штатив 9 келіні тағы қосыңыз. Ал жүктелер жауапкершілік одан да ауыр. Себебі тілшінің еңбегі таспагерсіз көрерменге жетпесі анық.

Еділ Ермекбаев, «Хабар» Агенттігі АҚ ТЖК бөлімінің басшысы:

– 1995 жылы «Хабар» Агенттігінде түсіруді ТКС камерасымен бастадық. Камераның корпусының өзі темірден жасалған. Зіл қара тас. Аңғармай құлатып алсаң, құлағыңды да сырып жібереді. Ондай да оқиғалар болатын. Бұрынғы түсірілімге қарағанда қазіргі «Хабар» Агенттігінің өзінің қолтаңбасы бар. 25 жылдың ішінде өзінің мектебі, түсіру көзқарасы, тәсілдері қалыптасқан.

Өздері кадр сыртында болса да, сол кадрларды мәтінмен сәйкестендіріп беретін еңбек иелері – бейнемонтаж инженерлері. Тілшінің күнібойы, тіпті апталап түсірген видеоларын ықшамдап, не бары 2-3 минутқа сыйғызып береді.

Дулат Ентебеков, бейнемонтаж инженері:

Бұрын біз кассеталармен жұмыс істейтінбіз. Видеосын жазу ыңғайлы болатын. Ал дауыс бойынша өңдеп, жасау қиын болатын. Қазіргі кезде компьютерде монтаж бойынша ыңғайлы.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

– Сюжет әбден түзеліп, монтаждалып болғаннан кейін, соңғы аялдар аялдамасы мынау – эфирлік кабинет. Яғни, дәл осы жерде бүкіл ұжымның жасаған туындысы көрерменге жол тартады. Ал эфирдің негізгі күші ол – режиссер.

Құралай Бәйкенова, жаңалықтар бөлімінің режиссері:

Әсіресе Үкіметтен, Ақордадан келетін материалдар ылғи да эфирдің үстінде, эфир жүріп жатқанда келеді. Сондай кезде кассета выставляться етіп үлгермейді. Соны қаламмен, карандашпен айналдырып, сөйтіп барып выставлять еткен кездер де болды. Ал қазір оның барлығы электрондық жүйеде, «Плейді» басамыз болды.

Әр эфир бұл ұжымдық жұмыстың жемісі. Біздің арнаның жаңалықтар бөлімі алдағы уақытта да көрермендеріне сенімді ақпарат ұсынбақ. Сондықтан «Хабар» арнасы қосулы болсын. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт