Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігіне 25 жыл: Сыр өңіріндегі тілшілер біраз түйткілді тарқатты

Осы уақыт бедерінде біздің арна ел мүддесі жолындағы біраз мәселенің шешіміне ықпал еткені анық. Барлық аймақтағы тілшілер қосыны күн сайын ел тынысын бақылап, ақпаратты суытпай жеткізіп отырады. Бұл ретте Сыр өңіріндегі әріптестеріміздің де биыл өңірге тән біраз түйткілді тарқатуға түрткі болғанын айта кетейік.

Бірер ай бұрын ғана бұл жердің шаңы бұрқырап жатқан еді. Тұрғындар жергілікті билікке тілегін жеткізу үшін біздің телеарнаға жүгінді. Түсірдік, айттық, көрсеттік. Ең бастысы, нәтиже бар. Көшесіне асфальт төселген әл-Фараби мөлтек ауданының тұрғындары түйткілді тарқатуға түрткі болған телеарнаға алғысын жаудырды.

Серік Байғараев, әл-Фараби шағын ауданының тұрғыны:

- Кезінде «Хабар» Агенттігін шақырып, осы жолды түсіргенбіз. Енді мына жол салынып жатыр. Балаларымыз мектепке екі аяқ-киіммен барып жатқан жоқ, қазір асфальт салынды. Біздің тілегімізді орындаған «Хабар» Агенттігіне өте ризамын.

Карантин кезінде пандемия салдарынан аймақтың басты дақылы күріш экспорты тоқтап қала жаздады. Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен миллиардтаған сомаға ұзақ мерзімді келісімдер жасап қойған. Диқан қауым жан айқайын «Хабар» Агенттігі арқылы жеткізді.

Жасұлан Серіков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Осы мәселені кәсіпкерлік палатасы және «Хабар» Агенттігі республика деңгейіне көтеріп, тиісті жерлерге жеткізіп, жария еткен болатын. Соның арқасында болу керек, осы заң жобасы қабылданбай, әрі қарай экспортты жалғастыра берді. Бұл мәселе халыққа да, кәсіпкерлерге де, облыстың бюджетіне де жақсы әсер етті.

Арал, Қазалы аудандарындағы алты апатты балабақшаның да мәселесі біздің сюжетке арқау болды. Әсіресе Арал қаласындағы 13 ошақ пештен жылытылатын, қабырғасы қаусаған ғимаратта жүз бала тәрбиеленіп жатқаны туралы бейнематериал эфирден өткеннен кейін, жауапты органдар дереу шешім қабылдап, балабақша басқа ғимаратқа көшірілді. Қазалы ауданындағы осы тектес мәселелер де биылдан қалмай шешімін тапқан.

Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- Ақсуат ауылдық округінде жаңа балабақшаның құрылысы аяқталды, іске қосылды. Келесі Бозкөл ауылындағы балабақшаның жобалық-сметалық құжаты дайындалды, бірақ оған қарамастан қасында тұрған орта мектептің бір бөлігіне 50 орынды балабақшаны сол жаққа көшіріп жатырмыз. Кәукей ауылдық округінде бір нысанды мемлекетке қарай қайтарудамыз. Оған да жоба сметасын дайындап жатырмыз. Бұйыртса, бұл мәселе де шешілейін деп тұр.

Бұл – «Хабар» Агенттігінің ықпалымен түйіні тарқаған түйткілдердің бір парасы ғана. Түсірілім тобы уақытпен санаспай, құбылған күн райына қарамай, тәулік бойы ақпарат әзірлеуге дайын. Өйткені олар «Жауынгер мамандықтың иесі» деген атқа әрдайым лайық болуы тиіс.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов