Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы көрермен назарына «Соңғы үміт» телехикаясын ұсынады

«Мұнда отбасылық құндылықтар мен қазақи салт-дәстүр кеңінен насихатталып, ата-ана мен бала және келін арасындағы қарым-қатынас көпшілікке ой салары анық», – дейді шығармашылық топ өкілдері.

Қазақ тілінде түсірілген телехикая оқыс оқиғадан басталады. 9-сынып оқушысы Самат селфи жасаймын деп абайсызда биіктен құлап кетеді. Осыдан кейін фильм сценариі әртүрлі шиеленісті оқиғалармен өрбіп, отбасылық құндылықтардың қадір-қасиетін бағаламау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпегеннің соңы неге апарып соғатынын көрсетеді.

Нартай Өтеген, идея авторы:

- Бұл идеяның тууына қазіргі жастардың басқаша көзқараспен өсуі түрткі болды. Өйткені әкесіне қарап шәңкілдейтін, анасына қарап «үф» дейтін балалар пайда болды. Баяғы өзіміздің қазақы мінезімізден айырылып қалдық. Оны қалай қалпына келтіреміз? Осы телехикаялар, экранда болып жатқан дүниелер арқылы жастармымызды түзеуге болады.

Сериалда ағайынды Санат пен Мақсаттың, олардың әке-шешесі Асхат пен Аиданың бір-біріне мүлде ұқсамайтын мінездері, Омарбек ақсақалдың басынан өткерген оқиғалары суреттелген. Ата-анасының мейірімі мен ыстық ықыласына бөленбеген бала өмірде көп қателікке ұрынуы мүмкін. Сондықтан ұлт болашағы өскелең ұрпағымызға байланысты екенін шығармашылық топ халыққа жан-жақты көрсетуге тырысқан.

Иісбек Әбілмәжін, актер:

- Өмірде болып жатқан нәрселер түйткі болады. Кейде сабырлық сақтамай, шұғыл шешімге кетіп жатады. Абай атамыздың сөзі «сабыр түбі – сары алтын» деген сөзін еске салғымыз келеді.

Ерте көктемде басталған түсіру жұмыстары әлемді жайлаған пандемияға байланысты біраз уақытқа тоқтап қалған. «Дегенмен бастаған істі аяғына дейін жеткіздік. Енді көрермендер көңілінен шығып, келешек ұрпаққа өнегелі ой сала алсақ, мақсатымыздың орындалғаны», – дейді қоюшы режиссер Төлеген Бейсет.

«Соңғы үміт» телехикаясы санаулы күндерден соң «Хабар» арнасынан көрсетіле бастайды.

Авторы: Жандос Айтбайұлы