Хабар телеарнасы

Жеті күн 21.10.2017

Сюжеттер
1. Елдестірмек елшіден 2. Астана процесінің тиімділігі туралы 3. Елбасы кездесулері
4. Отын мәселесі 5. Үш жылдың бюджеті 6. Қазақ-қырғыз қатынасы
7. Миллионыншы тонна жүк жөнелтілді 8. «Рухани жаңғыру» әлемге таныстырылды 9. Жаңа әліпби жобасы
   
10. Туған жер 11. Сапалы құрылыс 12. Батырларға құрмет

1. Елдестірмек елшіден

Осы аптада Елбасы жеті мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Бұл – Эстония, Ауғанстан, Польша, Канада, Финляндия, Бельгия және Францияның жаңадан тағайындалған елшілерінің «достық үшін еңбек етеміз» дегені. Негізі бұл елдермен Қазақстанның байланысы бұрыннан бекем. Ендігі мақсат – сол бекемдіктің берекесін кетірмеу, өзара қарым-қатынастың сандық және сапалық нәтижелерін еселеу.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2018 жылғы қаңтар айында біздің ел БҰҰ Қауіпсіз Кеңесіне бірінші рет төрағалық ететін болады. Осы халықаралық орган аясында біз барлық әріптестермен табысты жұмыс істеуге ниеттеспіз. Құрметті достар, Қазақстанның бүгінгі экономикасы іскерлік ынтымақтастыққа кең мүмкіндік, зор әлеует ашып отыр. Біз шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды нығайтуға мүдделіміз. Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының, Еуропалық Одақ пен Азияның көптеген елі үшін визасыз режим енгізілді. Инвесторлар мен бизнесмендер өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатымен Kazakh Invest, KazakhExport ұлттық компаниялары құрылды. «EXPO 2017» халықаралық көрмесінің мұрасы ретінде бірнеше ірі нысан жұмысын бастайтын болады. Құрметті ханымдар мен мырзалар, Қазақстан сіздердің елдеріңізбен арадағы достық қарым-қатынастарды өте жоғары бағалайды.

Кездесу барысында Президент еліміздің инвестициялық һәм бизнес ахуалы жайлы біраз сөзді тілге тиек етті. Ал жаңадан тағайындалған елшілер Қазақстанмен әріптестікті одан ары нығайтуға тас түйін дайын екендерін жеткізді.

Кадам Шах Шахим, Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі:

– Ең алдымен жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа бізге ерекше сенім артып отырғанына алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Ауғанстан қай кезде болса да саяси һәм экономикалық байланыстарын үзген емес. Бұл ретте Ауғанстан халқы мен үкіметі Қазақстанға шексіз ризашылығын білдіреді. Біз қос елдің құндылықтарын ескеріп, дамуына бар күш-жігерімді саламын.

Николя Бруссо, Канаданың Қазақстандағы елшісі:

– Канаданың жаңа елшісі ретінде Президент мырзаға сенім грамотасын табыстау – мен үшін айрықша мәртебе. Қазақстан – бүгінде жаһандық аренада зор беделге ие елдердің бірі. Бұл ретте Канада үшін Қазақстанның орны бөлек, маңызы зор. Канаданың сенімді серіктесі ретінде біз Қазақстан мен әрі қарай байланысты бекемдей түсуге мүдделіміз.

2. Астана процесінің тиімділігі туралы

Қазақстан біріне-бірі қабақ шытқан тараптарды таластырмайды, табыстырады. Хан Абылайдың қанатты сөзімен айтқанда: «Біз – дос болғанға құшағы ашық туыспыз». Бұл қасиетімізден жақсылық көрмесек, жамандық көргеніміз жоқ. Сондықтан санада жаңғыртуға жарап тұрған тектілік.

Шамдағы шайқасты шаммен қарауға мүмкіндік жасадық. Әлі де жасап отырмыз. Ол еңбегіміз бағалаусыз қалмады. Бағаланып-ақ жатыр. Ыстығы басылмаған бағалаудың бірі – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Сочидегі сөзі. Ол Астана процесінің тиімділігіне айрықша тоқталып, осындай қолайлы алаң ұсынған Қазақстанға және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

Владимир Путин Ресей Федерациясының Президенті:

– Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бізге және осы Астана процесіне басқа да қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін алғысымды айтқым келеді. Қазақстан – жай ғана бас қосатын жер емес, өте қолайлы алаң. Бұл тұста Қазақстанның бейтарап позициясын, бұл өңірдегі қандай да бір ішкі кикілжіңдеріне ешқашан килікпегенін, қайта керісінше беделді бітімгер болғанын айтып отырмын. Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келуші тараптарды келіссөздер үстел басына жинау үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін шексіз ризамыз. Астана процесінің бет алысы дұрыс, әрине проблемалар да жоқ емес. 

Астана процесі әлі де жалғасады. Қазанның 30-31 күндері Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі кезекті кездесу өтеді. Жетінші жүздесуде «тұтқындарды босату және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесі бекітіледі» деген болжам бар. Одан бөлек, қақтығыс аймақтарын минадан тазарту туралы бірлескен мәлімдемені де қабылдауы мүмкін. Сондай-ақ тараптар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастырмақ.

3. Елбасы кездесулері

Бұл аптада Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Ішкі істер министрі Әбдел Әзиз бен Сауд бен Наифпен кездесті. Елбасы Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің ынтымақтастығы өзіндік ерекшелікке ие екендігін атап өтті.

«Тәуелсіздік алғалы бері Сауд Арабиясымен бауырластық қарым-қатынастар орнату үшін барлық шаралар атқарылды. Астананы салуға қолдау көрсеткендеріңізге ризашылық білдіремін», – деді Президент.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық терроризм мен экстремизм қауіп төндіріп тұрған кезде екі елдің құқық қорғау органдары арасында байланыстар орнатудың маңызды екенін тілге тиек етті. Сауд Арабиясы Корольдігінің Ішкі істер министрі Елбасына Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың сәлемін жеткізіп, елдерінің екіжақты табысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және дамытуға ниетті екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанға, біздің жаңа елордамыз Астанаға қош келдіңіз. Біздің Тәуелсіздігімізге биыл 26 жыл болды. Осы жылдар ішінде Сауд Арабиясымен бауырлық жақын қарым-қатынаста болуға барлық әрекетті жасап келе жатырмыз. Осы жылдардың ішінде көп ханзадалар болды, бірінші күннен бастап көп патшалармен де кездесіп келе жатырмын. Әл Саудтан бастап, Абдулладан кейінгі король Салманмен, барлығымен кездесіп жүрмін. Сіздердің елді өзімізбен жақын әріптес деп санаймыз. Терроризм, экстремизм жағдайында сіздің жұмысыңыздың мағынасы өте зор. Біздің органдармен бірлесіп жұмыс істейді деп сенемін.

Әбдел Әзиз Бен Сауд Бен Наиф, Сауд Арабиясы Корольдігінің Ішкі істер министрі:

– Жоғары мәртебелі Президент мырза, қошеметпен қабыл алғаныңызға көп рақмет. Король Салманның атынан жылы лебіз жеткізгім келеді. Біздің корольдің тарапынан және оның тақ мұрагері Мұхаммедтің сізге деген көзқарасы өте жақсы, Сіздің орныңыз біз үшін өте ерекше. Сондай-ақ елдеріңіздің дамуы бізді қуанышқа бөлейді. Қазақстанға Сұлтан бен Әзиз сапармен келген болатын. Қазіргі уақытта да Қазақстанмен қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Қазақстанды Орталық Азия жеріндегі елдердің арасында өте ерекше мемлекет деп санаймыз. Екі ел арасында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналған бағыттарымыз бар.

Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековке Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Қазақстан Президенті жеделхатта Сооронбай Жээнбековтің басшылығымен Қырғызстан өзінің қарқынды даму жолында жаңа табыстарға жететініне сенім білдірді.

Сыртқы саясатқа әлі де сөз арнаймыз. Себебі айтпай кетуге болмас ақпараттар бар. Ал қазір ішкі ахуалға қатысты хабарларды қайырсақ.

Күз келгенде көңілдің көлеңке тартып қалатыны үйреншікті жағдай. Біз жылылықты, ол бізді қимай, суық сілеммен табыса алмай біраз жүреміз. Дегенмен күздің де көңілді көтеріп тастайтын тұстары көп. Мәселен, егін бітік шықса, бөрікті аспанға атпасқа бола ма?!

Биыл астық жинау науқаны табысты аяқталды. Осыған орай Мемлекет басшысы ауыл еңбеккерлерін құттықтады.

Осы жылы 21 миллион тоннадан аса астық жиналыпты. Соның үштен екісінен көбі – әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы өнім. Майлы дақылдар егілетін егістік алқабы айтарлықтай көбейген. Жалпы астық жинау науқанының қорытындысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр.

Осы аптада Елбасы қабылдауында Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов те болды. Кездесу барысында елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының аралық нәтижелері сөз болып, оны одан әрі жүзеге асыруға арналған жоспарлар қаралды. Елбасы саланың ел экономикасындағы үлесі зор екенін айта келіп, ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан қомақты қаражаттың тиімді жұмсалмай отырғандығына да тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Несмотря на сложные условия в начале лета, аграрии собрали очень солидный объём урожая. Есть возможность для обеспечения внутренних потребностей и экспорта нашей продукции. В целом все показатели демонстрируют положительную динамику. Несмотря на это, аграрный сектор является драйвером нашей экономики. В него вкладываются большие государственные средства. Они должны давать соответствующую отдачу, которой пока, к сожалению, нету. Темпы уборки выше прошлого года. В этом году намолочено 21,7 миллиона тонн при урожайности 14,2 центнера с гектара. Это неплохой результат по сравнению с другими годами. В соответствии с намеченными планами мы занимались развитием потребительской кооперации, улучшением семенного фонда и повышением продуктивности животноводства, сейчас высказываются мнения, что не субсидии, а может быть, льготные кредиты давать. Ауыл шаруашылығында халқымыздың біразы тұрып жатыр. Жұмыс істейтін адамдардың 15-16 проценті ауылда тұрады. Бүгінгі күні олардың барлығының жағдайы жаман емес. Аралап көріп жүрміз. Бүгін ауылымызда халық барлық жағынан алғанда ауқатты. Малы да, жайы да, жағдайы да бар. Мұның бәрі дұрыс. Дегенмен ауыл шаруашылығы өнімінің артымдылығын көбейтіп, оның бағасын көбейтіп, экспортты көбейтіп, әсіресе ауыл шаруашылығында ғылыммен шұғылдану жағдайы кейіндеп бара жатыр.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

– Биыл жыл басында мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламада осы талай міндеттерді орындауға бірқатар шара қарастырылған. Бірақ оған қосымша, Сіздің қойған міндеттерге сәйкес, мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру, басты бағыттағы қордаланған проблемаларды тиімді шешу үшін біз 12 карта жасадық. Мысалы, тұқым шаруашылығын дамыту. Оның проблемалары қандай және оны қалай шешу керек? Техниканы қалай жаңарту керек немесе тыңайтқыштарды қалай пайдалану керек деген секілді. Айталық, қой шаруашылығындағы проблемаларды қалай шешу керек? 12 картаның сегізі бүгінгі таңда жасалып бітті. Оның біреуі Сіздің тапсырмаңызға сәйкес кооперция жөнінен еді. Ол бүгінгі таңда жұмыс жасап жатыр. Жаз айларында ауыл шаруашылығында туындайтын мәселенің бірі – қайта өңдеу. Осындай картаны Үкімет бекітті. Қалған 6 карта тауар өндірушілермен талқыланып жатыр.

Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті қабылдады. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев министрлік бақылауындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың маңыздылығына, олардың аралық нәтижелеріне тоқталды.

Елбасы бір ғана «Индустрияландыру» бағдарламасы қолға алынғалы 5,2 трлн теңгенің 1060 жобасы іске асырылғанын айтты. Нәтижесінде 100 мың жұмыс орны ашылған. «Нұрлы жол» бағдарламасының да алғашқы нәтижелері көңілге қонымды. Бағдарлама аясында 2010 жылдан бері жөнделген және салынған жолдардың жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асқан. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін тағы 4 жарым мың шақырым жол қолданысқа берілуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Все эти программы очень важные, социально направленные на улучшение жизни наших казахстанцев. В частности, государственная программа индустриализации еще не обеспечила диверсификацию экономики, как мы хотели. Доля обрабатывающей промышленности в ВВП существенно не изменилась – 12%. Мы отдали на местный уровень кое-что. Им отдали, ответственность размазана или нет, мы поговорим на эту тему. Теперь привлечение стратегических инвесторов желает быть еще лучше, мы на эту тему говорили на моих встречах, визитах. Крупные инвесторы желают идти в Казахстан, не находят здесь своих партнеров. Мы говорили о том, чтобы создать специальный комитет, вы это делаете. Следующее – это продвижение экспорта. По «Нұрлы жер» мы говорим, но можно достичь еще большего результата, если бы заработали все инструменты. Не до конца все это работает. За все эти вопросы отвечает ваше Министерство. Вы несете полную ответственность за реализацию экономических и социальных приоритетов.

Президент ел экономикасы үшін «Құрық» теңіз порты мен «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының да маңызы зор екенін айтты. Сондықтан екі жобаға қатысты жұмысты жүйелі түрде жүргізудің қажеттілігі жайлы сөз қайырды. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасының нәтижелеріне де оң бағасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан үшін қажет экономиканың, Үкіметтің істеп отырған жұмысының үлкен саласын саған тапсырдық. Барлығынан өткіздік. Қызметте болдың. Жұмысты істедің. Тәжірибе алдың. Білімің бар. Осының барлығын істейсің. Оңай емес. Өте үлкен жұмыс, үлкен сала. Сондықтан әр салада жақсылап, нақты жұмыс істеу керек. Министрліктің істеген шаруасы тура адамға барады. Жанұяға барады. Бұл тек сенің жұмысың емес. Барлық әкімдердің жұмысы. Бірігіп, Үкіметпен бірге жұмыс істеу керек.

«Еліміздегі жанармай тапшылығы – Үкімет пен Энергетика министрлігінің өз жұмыстарына салғырт қарауының салдары». Қанат Бозымбаевты қабылдауы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Президент мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарының кестесі көктемде бекітілгенін еске салды. «Және солай бола тұра салалық ведомство ішкі сұранысты қамтитын мөлшерде отын әзірлемеген», – деп түйді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Министерство энергетики по должностному положению отвечает за вопросы топливно-энергетического комплекса страны. В том числе за обеспечение внутреннего рынка горюче-смазочными материалами. Ситуация, которая была с дефицитом бензина в стране, показала, что со стороны Правительства и Министерства энергетики допущена халатность и безответственность. Еще в мае вы подписали график ремонтов НПЗ. И знали, что осенью два из трех заводов встанут на ремонт. Каждый год происходит подобное. Раз об этом знали, то должны были подготовиться и завести соответствующее количество энергоносителей для обеспечения населения ГСМ. Это не было сделано.

Президент жуырда Энергетика министріне жарияланған сөгіс жайлы сөз қозғап, оның себебін түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Вы вносите немало инициатив хороших, я их поддерживаю, и Правительство поддерживает. Сказали, что надо отменить государственное регулирование цен, чтобы убрать дефицит. Однако на рынке снова нехватка ГСМ. Поэтому по предложению Правительства я объявил вам выговор. Вообще, это чрезвычайная ситуация. Президент объявляет министру выговор – равносильно освобождению от должности. Как такая ситуация сложилась? Я хотел бы знать. Другие вопросы не решаются, к сожалению. Смотрим с Карачаганаком что будем делать дальше? Модернизация НПЗ завершается в этом году?

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Екі мұнай өңдеу зауытын жетілдіріп, жаңғырту биыл аяқталады. Қараша айында Павлодардағы зауытты іске қосу көзделген. Мұнда мұнай өнімдерінің көлемін арттыруға және олардың сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін катализдік крекинг қондырғысы бірінші рет пайдаланылатын болады. Сонымен қатар Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында да жоғары октанды бензин шығаруға арналған катализдік крекинг қондырғысын салу жоспарланған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– В общем это упущение большое. Это касается всего Правительства. Я предупредил и Премьера Сагинтаева, его вина тоже есть. И ты своей работой подвел. Принимайте меры. В следующий раз будет более строгий подход.

«Тиісті жұмысты істеңдер. Енді қайталанса, сөгістің де салмағы артады», – деп Елбасы ескертті. Бұл – Үкімет пен министрге сын. Оның үстіне «берілген уәде» тағы бар.

Атқарушы орган өкілдері өткен апта басында атқа мінген еді. Әрекеттері әлсіз болмады. Көрші елден тиісті отын келіп, көліктердің іркес-тіркес кезегі азайды. Литрі 160 теңгеден асқан бензин бағасы сәл де болса түсті. Қыркүйек айындағы бағамен салыстыруға болмайды. Дегенмен жанармайдың жетіспеушілігі жойылып келеді.

«Ресейлік бензиннің біздің нарықтағы үлесі қазан айында 40, қарашада 30, желтоқсанда 20 пайыздан төмен болады», – деді Қанат Бозымбаев. Бұл сөзден баға ендігі жылы төмендейді деген емеурінді аңғару қиын емес.

4. Отын мәселесі

Бензинмен қатар қатты отынның да қат болғанын өткен аптада айттық. Көмір күткен көпшіліктің үнін көпке естірттік. Одан да нәтиже шыққанға ұқсайды. 

Еліміз бойынша АИ-92 бензинінің литрі 150 мен 160 теңге аралығында сатылып жатыр. Мәселен, Ақтөбеде сұйық отын бөлшек саудада 158 теңгеге бағаланған. Әрине қыркүйек айындағы көрсеткішпен салыстыруға келмейді. Бірақ өткен аптада жұрт сол қымбат майдың өзін алу үшін кезекке тұрды. Бүгінде өңірде бензин жеткілікті. 16 жанармай бекеті сұйық отынды шектеусіз саудалып отыр.

Рашид Дәуіров, жанармай бекеттері желісінің директоры:

– Бізде АИ-92 бензинінің қоры бар. Отандық зауыттарға қазан айына тапсырыс беріп қойғанбыз. Жанар-жағармай тасымалдайтын көліктеріміз жолда келе жатыр. Өзіміздің қорымызбен қосқанда, әлі 20-25 күнге жететін жанармай бар. Одан бөлек қараша айына да алдын ала тапсырыс беріп қойдық.

Нарықтағы жағдай тұрақталып келеді. Бірақ апта басында «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілі өз бекеттерінде әлі де болса шектеу бар екенін айтқан. 6 облыста бензинді талонмен беру немесе әр жүргізушіге 20 литрден сату талаптары сақталған. Бұл тапшылықты жоюдың жоспары да жоқ емес. Компания 20 мың тонна сұйық отынды Ресейден әкеліп, бұрынғы қалыпты жүйеге қайта оралмақ.

Бақытжан Тасанбаев, «ҚазМұнайГаз» өнімдері» ЖШС Даму жөніндегі басқарушы директоры:

– Астанада бүгінде жанар-жағармай жеткілікті. 2 мың тонна АИ-92 маркалы бензин қоры бар. Онымен бірге Ресейден 2 мың тонна әкелдік. Тағы 800 тонна сұйық отын жолда келе жатыр. Жалпы еліміз бойынша айтатын болсақ, 20 мың тонна бензинге тапсырыс бердік, осы аптада келеді. Нәтижесінде, тапшылық толық жойылады.

Сейсенбі күні Үкімет отырысында Қанат Бозымбаев Ресейден 100 мың тонна АИ-92 бензині келетінін мәлімдеген еді. Оның 50 мың тоннасы елге осы аптада жеткізілуі тиіс. Бұл сөз тек сыртқа телміріп отыр дегенді білдірмесе керек. Өзімізде де өндіріс барынша ұлғайып келеді. Қазір Атырау мен Шымкенттің мұнай өңдеу зауыттары жұмысқа қарқын қосқан.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Қарашада импорттың үлесіне қарағанда, қазақстандық бензиннің үлесі көбейеді. Болжам бойынша, қараша айының екінші жартысында бензин бағасы төмендеуі мүмкін. Қаншаға екенін қазір айту қиындау, бірақ төмендеуі мүмкін.

Өткен аптада сұйық отын жетіспей, баға өсіп, аласапыран болған мезетті кейбір кәсіпкерлер ұтымды пайдалануға тырысқан. Бірақ олардың бағаны негізсіз көтеру әрекетінің соңы жақсылыққа апарған жоқ. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жанар-жағармай сататын 15 шағын станция бензинді 5-тен 10%-ға дейін қымбаттатқан. Аймақтық монополияға қарсы департамент қызметкерлері олардың жасырын жұмыстарын әшкере етіп, заңды түрде айыппұл белгілеген.

Людмила Устьянцева, Облыстық Монополияға қарсы департамент басшысының міндетін атқарушы:

– Кейбір жанармай бекеттерінің иелері айыппұлдарын өздері әкеп төлеп жатыр. Ол шамамен 4,5 млн теңге болады. Ал мәжбүрлі түрде бюджетке бүгінге дейін тағы 1 млн 700 мың теңге айыппұл түсті.

Тапшылық мәселесі Президент пен Үкімет назарына іліккеннен кейін түйін шешіле бастады. Өткен аптада көмір қымбат деп базына айтқан көпшіліктің үні де басылып қалды. Жауапты органдар жұрттың сұранысын орындағанға ұқсайды.

Өткен аптада жүк көліктері кезекке тұрып, көмірге таласқан еді. Бүгінде ондай қарбалас жоқ. Олар шамамен 10-15 минуттың ішінде көліктеріне қатты отынды тиеп кетіп жатыр. Көмір қоры да жеткілікті. Шамамен мұнда көлем 2 мың тоннаға жуықтайды. Дегенмен мамандар былтырғыға қарағанда, көмір бағасы қымбатқа түскенін жасырмайды. Өткен жылы тоннасы 7 мыңнан басталса, биыл 10 мыңнан асып жығылады. Ал бөлшек саудада 18-20 мыңға дейін барады.

Бұл ақпаратпен Экономика министрлігінің мамандары да таныс. Олар 13 өңірде көмір құнының өсіп кеткенін айтып отыр. Қазір бағаның көтерілу себебі мен салдары анықталып жатыр. Заңды белден басқандар табылса, тиісті шара қолданылады.

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

– Қазір қара отынның бағасы мен тапшылығына қатысты 13 өңірдегі 107 кәсіпорында тексеріс жүргізіліп жатыр. Заңбұзушылықтар анықталса, тиісті жаза қолданылады.

Жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» 78 миллион тонна көмір тасымалдаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 11 миллион тоннаға көп. Компания жыл соңына дейін 103 миллион тонна көмірді жер-жерге жеткізеді. Бұл іске қазір 5 мың ашық вагон жұмылдырылса, тасымал көлемін ұлғайту үшін вагондар саны биыл 8 мыңға дейін көбеймек. Демек көмірді аз деп айтуға орын жоқ. Бірақ жұрттың көкейінде баға реттелсе деген үміт көп.

Авторы: Сәкен Сейітханұлы, Санжар Жартиев

5. Үш жылдың бюджеті

Осы аптада Мәжіліс елдің 3 жылдық бюджетін мақұлдады. Еліміздің басты қаржылық құжатын қорғауға Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері түгел келді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 3 жылдық бюджет әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған. Бұл мақсатқа алдағы үш жылға 13 трлн теңге салу көзделіп отыр. Құжатты 3 сағат бойы талқылаған Мәжіліс депутаттары оны мақұлдай отырып, ортақ қазынаның қаржысын Үкіметке ұқыпты жұмсауды ұсынды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Сонымен біз еліміздің негізгі қаржы құжаты – үш жылдық бюджетті мақұлдадық. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы жолында Парламенттің де, Үкіметтің де атқарып келе жатқан ең жауапты, ең маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан біз бірлесіп, Елбасымыздың тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануымыз керек.

Мәжіліс мақұлдаған үш жылдық бюджет туралы заң жобасы осы аптада сенаторларға таныстырылды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жоғары палата депутаттарына басты қаржылық құжаттың құрылымын таныстыра отырып, 2018 жылғы бюджет түсімі 8 триллион 578 миллиард болатынын айтты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 1 триллион теңгеге аз мөлшер.

Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бюджет 2018 жылы 75 млрд, 2019 жылы 73 млрд-қа азайып жатыр. Осы қаражат Білім және ғылым министрлігінің шығыстарына жете ме екен? Мектептердегі жоғары категориялы мұғалімдердің жалақысының өзі 93 мың теңгенің көлемінде. Министрлік тарапынан осы мәселе үнемі айтылып келе жатыр, жалақының көтерілетіні туралы білейін деп едім.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Қаржыландыру бойынша бұл мәселені қарауға ұсынып отырмыз. Келесі кезеңдерде қаралатын болады. Қысқарту тек қана құрылысқа байланысты.

Сенаторлар құжатты әлі де талқылайды. Айта өту керек, алдағы 3 жылға арналған бұл құжаттағы есеп «1 доллар – 340 теңге, мұнайдың бір баррелі – 45 доллар» деген мөлшермен бекітілген. Егер бұл көрсеткіштер өзгеріп жатса, бюджет қайта қаралады.

6. Қазақ-қырғыз қатынасы

Қазақстан және Қырғызстан үкіметтерінің бірінші орынбасарларының төрағалығымен жұмыс тобы құрылатын болды. Мұндай шешім апта ортасында ел Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстанның ресми делегациясымен өткен келіссөзден кейін қабылданды. Басқосуға Қырғызстан тарапы бастамашы болған.

Көршілес елдің Премьер-министрі Сапар Исақов бастаған құрамында 30 мүшесі бар делегация Астанаға арнайы келген еді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, кең ауқымды экономикалық мәселелер жан-жақты сараланып, қос тарап өзара мәмілеге келді. Екі елдің шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау мәселелері талқыланған. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының сәйкес нормалары мен ережелері негізіндегі кедендік және салықтық әкімшілендіруге қатысты өзекті мәселелер елеп-екшелді. Мәселен, біздің кедендік органдар қырғызстандық импорт тасымалдаушылар Қытайдан Қазақстан шекарасы арқылы тауар әкелген кезде декларациялаудың талапқа сай болуын тексереді. Өйткені Қазақстан экономикасы бұдан зор шығынға ұшырап отыр. Қырғыз тарапы қойылған талаптармен келісіп, өз міндеттемелері мен Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ мүддесін орындауға шара қолданылатынына кепілдік берді. 

Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:

– Ең алдымен бұл кездесудің Қырғызстан тарапының бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өту керек. Яғни бүгінгі таңда Бішкек Қазақстанмен конструктивті қарым-қатынастарға ие болудың маңыздылығын түсінеді. Осыған дейін жасалған саяси мәлімдемелер шын мәнінде экономикалық байланыстардың негізін әлсіреткен болатын. Сондықтан Бішкек бүгінгі таңда өз сөзін қайтып алып, экономикалық байланысты жандандыруға бір қадам жасап отыр. Cайлау өтті, саяси науқан аяқталып жатыр. Екіжақты қарым-қатынас бұрынғы қалыпты жағдайына қайта оралады деген сенім бар.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Қырғызстанның үкіметі Қазақстанға өз аяғымен келді. Ұзақ уақыт келіссөз жүргізді. Нақты шешімдерге келіп, шекара мәселесі шешіліп, шекара ашылатын болды. Импорт мәселесін бір апта ішінде екі ел үкіметі комиссия құрып, оны шешу жөніндегі жол картасын жасау туралы шешім қабылдады. Менің ойымша бұл – дұрыс шешім және жақсы мәдениет.

Айта кетейік, соңғы күндері өткізу пунктінен тыс шекара режимін бұзған Қырғызстанның 65 азаматы және көші-қон заңнамасын бұзған 14 адам ұсталды, заңды өрескел бұзған көлік иелеріне әкімшілік айыппұлдар салынды. Сондай-ақ 10 қазаннан бастап қазақ-қырғыз шекарасында ветеринарлық бақылау да күшейтілген болатын. Ветеринарлық ережені, яғни ұлттық заңнамамен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын бұзған автокөліктер ұсталып, айыппұл салынып, жүктері кері қайтарылған. Қазір 6 ветеринарлық бекетте 32 инспектор жұмыс істеп жатыр. Жоспарлы операция қазақ-қырғыз шекарасының Қордай учаскесі арқылы өтетін адамдардың санына ешқандай кері әсерін тигізбеген.

7. Миллионыншы тонна жүк жөнелтілді

Біздің әлеммен байланысымыз әл жинап келеді. Тауар айналымында талпынысымыз жоғары. Бұл сөзіме Маңғыстау облысындағы «Құрық» теңіз портынан жеткен жағымды хабар айғақ. Айлақтан миллионыншы тонна жүк жөнелтілді. 46 вагон мұнай өнімдері мен Қытайдан келе жатқан 4 вагон азық-түлік тауарлары тиелген алып кеме Әзербайжан астанасы Бакуге аттанды. Енді ол өнімдер Әзербайжан мен Грузия порттары арқылы Еуропа елдеріне экспортталады.

Талғат Оспанов, «Құрық» порты бас директорының орынбасары:

– Біз экспортқа астық өнімдерін жібереміз, жақында мұнай өнімдері мен көмір кетті. Бізде негізі экспорттық өнімдер «Құрық» порты арқылы Қытай, Өзбекстан, Қырғызстаннан экспортқа жөнелтіледі.

8. «Рухани жаңғыру» әлемге таныстырылды

Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастық орнатқанына биыл 25 жыл. Айтулы дата қарсаңында ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тұсаукесері болды. Қоғамда рухани жаңғырту жұмыстары Қазақстанның тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Елбасы ұсынған тың бастамалар жаһандық үрдіске сай келеді. Және тек біздің ел ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін өзекті. Айтулы шараға жиылғандар «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Туған жер», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобалары мен мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшу барысына қатысты деректермен танысты. ЮНЕСКО-ның бас кеңсесіне тарихи деректер мен қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Қазақстанның мәдени жетістіктері, тарихы мен дәстүрі кеңінен таныстырылды.

Ирина Бокова, ЮНЕСКО бас директоры:

– Қазақстан Президентінің көзқарасы болашаққа бағытталып отыр. Біз тарихи мұра, археология, салт-дәстүрді сақтап жүрміз. Бұл – өте маңызды іс. Менің ойымша, өз елін қадірлеу үшін жас ұрпақ тарихын зерттеп білуі қажет. Сол себепті мен бұл жобаға, бұл бастамаға үлкен құрметпен қараймын.

9. Жаңа әліпби жобасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жүктеген аса маңызды міндеттердің бірі әрі бірегейі – латын қарпіне көшу. Бұл ретте қоғам көп ойланып, көп толғанды. Әлі де пікір таластыру тоқтаған емес. Әліпбидің әр мәселесі жіті қаралып жатыр. Себебі бірде-бір қателік жіберілмеуі керек. Мұны тапсырма деп түсінбеген дұрыс. Бұл – халықтың қамын ойлағандық. 

Еліміздің халықаралық мәртебесін одан әрі көтеру жолдарының бірі – латын әліпбиіне көшу. Семейлік қоғам белсенділері осылай есептейді. «Қазақ тілі» қоғамының шығыс және солтүстік өңірлер бойынша вице-президенті Орал Шәріпбайдың айтуынша, Қазақстанның барлық бастамалары қазір күллі әлем тарапынан қолдауға ие. Лайықты деңгейде өткізілген ЕХРО 2017 көрмесі – соның айқын дәлелі. «Жас ұрпақ ғылым мен білімнің жаңа көкжиектерін бағындыруы үшін латын әліпбиіне көшудің маңызы жоғары», – дейді қоғам қайраткері.

Орал Шәріпбай, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1998 жылы қазақ тілінің жанашырларымен кездескенде, осы қазақ тілінің болашағы туралы көп айтылған болатын. Біздің еліміздің келешегін тереңнен ойлаған екен. Міне бүгін 20 жыл болып отыр. Сондықтан бүгінгі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі – заман талабы, уақыт қалауы. Халықтың рухани жаңғыруының негізі деп білеміз.

Шығыс Қазақстан облысы – 2015 жылдан бері үш тілде білім беру жүйесін жүзеге асырып келе жатқан өңір. Ғалымдар латын қарпіне көшудің тиімділігі шынында да зор екенін айтады. Себебі бұл әлем ғылымына тереңірек үңіліп, тиісінше мемлекеттік тілді латын графикасы арқылы жаһанға танытуға мүмкіндік береді. Өңір оқытушылары маңызды қадамға дайындықпен бару қажеттігін айтады. «Себебі болашақ ұрпақ құндылықтардан кенде қалмауы тиіс», – дейді.

Бейбітгүл Жақсылықова, ШҚМТУ оқытушысы:

– Компьютердің көмегімен бар әдебиетімізді латын әліпбиіне көшіруге болады деген пікірлер айтылған болатын. Алайда бұл жерде әдебиет маңыздылығын, құндылығын жоймау керек. Осыған басты назар аудару қажет.

Қарағандылық ғалымдар латын әліпбиінің соңғы нұсқасы алдыңғыдан тәуір екенін айтады. Белгілі тіл маманы Елдос Түйте диграфтарды дәйекшеге ауыстыру жазуға да, меңгеруге де қолайлы болатынына сенімді. «Ең бастысы қазақтың төл сөздері дұрыс дыбысталып, кірме сөздерден арыламыз» ,– дейді маман.

Елдос Түйте, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Бүгінгі күнде кирилл әрпімен орфографиялық нормаға сай жазылып және дыбысталып кеткен сөздерді қайтадан қалыпқа келтіруде, сонымен қатар түркі тектес халықтар мен шетелде тұрып жатқан қазақтармен бір интеграциялық байланыс орнатуға, сондай-ақ ағылшын тілін меңгеруге, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне берері мол деп есептейміз.

«Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуінен өзге тілдерге еш нұқсан келмейді. Қайта ол көпұлтты Қазақстан халқының береке-бірлігін, ынтымағын еселеп арттырады». Талдықорғандағы ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері осындай пікірде. Арнайы ұйымдастырылған жиында латын қарпіне көшу интеграциялық үдерістерді біршама жеңілдететіні де айтылды.

Ғабит Тұрсынбай, Алматы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары:

– Қазір біз сол әліпбидің қайсысы болашақта қолдануға тиімді екенін талқыға салып отырмыз. Жалпы латын әліпбиіне көшу әлемдік интеграцияға қазақ тілінің тікелей, ешбір тілдің аралық кезеңінен өтпей, интеграциялануына жол ашады деп сенеміз.

«Латын әліпбиіне көшу түркі жазуларымен бір графикада болуға, басы артық әріптерден арылып, ақпараттық технологияларды еркін меңгеруге жол ашады.» Белгілі тіл маманы, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринованың пікірі осындай.

Профессордың айтуынша, латын әліпбиінің соңғы нұсқасын, яғни дыбыстарды дәйекше арқылы белгілеу үлгісін қабылдағанымыз жөн. Себебі бұл – айтуға да, жазуға да жеңіл. Дәйекшені кезінде Ахмет Байтұрсынов та қолданған. «Бір дыбыс – бір әріп» қағидасына сүйенсек, тіл заңдылығын бұзбаймыз», – дейді маман.

Құралай Күдеринова, С.Демирель университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы:

– Дәл осы дәйекше 29-жылы латынға көшкенде, ең алғашқы ұсынылған әліпбиде болған. Ең алғаш бізде 27-ші жылы «Тілші» газетіне мақала шыққан. Сонда 24 әріптен, бір дәйекшеден тұратын әліпби ұсынылды. Бұл – біршама жеңіл. Яғни осы бағытта, «бір дыбыс – бір әріп» бағытынан таймауымыз керек. Сондай жұмыс істеуіміз қажет. Осы әліпбиді жетілдіруіміз керек.

Ал солтүстікқазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Қартова жастармен кездесіп, латын қарпіне көшу бастамасының маңыздылығы жайлы сөз етті.

Зәуре Қартова, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Тілдік ерекшеліктерді өзіміздің әліпбиімізге тиімді ету, дыбыстық ерекшеліктерімізді жоймау, тіл мәселесін одан әрі дамыту, осының барлығын қазір жалпы қауым болып талдап, дұрыс шешімге келуіміз керек. Бұл түрік әлемімен жақындасу мәселесін тездетіп дамытуға мүмкіндік береді. Және компьютерлік-ақпараттық жаңалықтарды іске асыруға және технологияны меңгеру мәселесіне тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Тіл – халықтың болашағы. «Сондықтан жаңарудың әр қадамы нық болуы керек», – деген маманның тағы бір ойы латын әліпбиіне көшу бірінші кезекте әлемдік өркениетке жол ашып, қоғамдық сананы жаңғыртады.

Авторы: Ақбөпе Бәкір

10. Туған жер

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін ұлы даланың ұлағатты педагогикасы бар. Бұл тәмсілдегі «ұя» деген түсінік тарылтып айтқанда – отбасы, ал ауқымдырақ алғанда – ауыл. Қай қазақты да үлкен жолға шығарып салған сонау салқар сахарадағы кішкентай ғана ауылдар. Демек адамның туып-өскен ортасы қандай болса, болашағы да соған орай бағыт алады. Сол себептен Елбасы «Туған жер» бағдарламасына айрықша көңіл бөліп отыр.

«Туған жер» бағдарламасы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады». Елбасының бұл ойлары шынайы көрініс тауып жатыр. Қыркүйектің соңында Ақтөбеде «Туған жер» форумы өткен болатын. Айтулы шара көпшілікке ерекше әсер қалдырыпты. Бұған мына сандар дәйек болады. Форум аясында 76 млрд теңгенің 20 шақты меморандумына қол қойылған. Демеушілер 5 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Қысқасы, өңірдің өркендеуіне әр сала мамандары үлес қосып, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетті.

Осынау игі шара елдің шығысында жалғасын тапты. 

«Туған жер» жобасы еліміздің әр өңірінде жүзеге асып жатыр. Соның бір мысалы – Өскемендегі титан-магний комбинаты жүзеге асырған жоба. Тұрғындарға емдеу орталығын сыйға тартты. Бағдат Шаяхметов атындағы медициналық орталық күніне 600-800 адам қабылдайды.

Ерлан Мұсабек, Б.Шаяхметов атындағы медициналық орталықтың бас дәрігері:

– Біздің орталық титан-магний комбинатының жұмысшыларын қоспағанда, осында тіркелген 25 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Жақын маңдағы жұрт медициналық көмексіз қалды. Сол сәтте осы орталықты ашу қажеттілігі туындады. Комбинат 1,5 млрд теңгеге ғимаратты тұрғызып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында салынған кешен биыл қайта жарақтандырылыпты. Келушілер шипалы сумен, түрлі шөптер, панты және батпақпен емделеді. Омыртқаны су астында тарту арқылы науқасты дертінен айықтырады. Кәсіпорын осы жылы арнайы құрылғы сатып алған. Жұмысшылар арасындағы аурушаңдықты азайтуға көмегі мол. Мекемеде әлеуметтік-кәсіби медициналық көмек, диагностика, оңалту, күндізгі стационар бөлімдері бар. 

«Ақ ниет» мектеп-интернатында мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленеді. Бастысы мұндағы жеткіншектер тек білім алмай, денсаулығын да түзеуге де мүмкіндік бар. Сал ауруына шалдыққан, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар 24 сағат тәрбиешілердің бақылауында. Жанашыр азаматтардың демеушілігімен салынған арнайы білім беру мекемесі барлық талаптарға сай жабдықталған.

Бағлан Нұрсағиев, «Ақ ниет» мектеп-интернатының қызметкері:

– Менің мамандығым – емдік-денешынықтыру инструкторы. ДЦП-ға шалдыққан балалармен жұмыс істейміз. Балалар осы жерде тұратын болғандықтан, осында жатып оқиды, ішіндегі коррекциялық кабинеттерге барады. Сабақтарын да оқиды. Сабақтан тыс уақытта коррекциялық кабинеттерге келеді. Бізде барлығы 100 балаға қамтылған интернат. Қазір Нұрданамен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл баланың диагнозы – ДЦП. Екі аяғының жұмыс істеуі тежелген.

Аймақта іскер азаматтардың көмегімен ашылған емдеу орталықтары жетерлік. Расында әрқайсысының туған жерге, оның дамуына атсалысуы – шынайы патриотизмнің көрінісі. Кәсіпкерлер мен демеушілер түрлі саланы дамыту үшін аянып қалған емес. Қасиетті мекеннен түлеп ұшқандар өңірдің дамуына кезекті рет атсалысты. Соның бірі – «Туған жер» атты кәсіпкерлер форумы. Алқалы жиынға шағын және орта бизнес өкілдері, ірі кәсіпорындардың жетекшілері шақырылды. «Жекпе-жек» сарайына 700-ден аса адам жиналды.

Шығыста өткен кәсіпкерлердің форумында тағы бір игі бастама қолға алынды. Ол «Менің мектебім» деп аталады. Яғни кәсіпкерлер шалғайдағы өз туған ауылындағы мектептерге физика, химия және робототехника пәндеріне қажетті құрал-жабдықтарды алып беретін болады.

Шығыс Қазақстан облысының әр ауданынан келген кәсіпкерлер аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасын бір ауыздан қолдады. «Менің мектебім» акциясына ешкім бей-жай қарамайды. Себебі білімді ұрпақ – ел ертеңі. Шалғайдағы балаларға қала мектептеріндегідей жағдай жасалуы тиіс. Осылайша жеткіншектердің ғылыммен айналысып, жан-жақты дамуына мүмкіндік берілмек. Сондықтан әрқайсысы өз туған ауылындағы мектепті жаратылыстану ғылымына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге кірісті. Құрғақ уәде емес, ақшалай көмектесетіндіктерін айтты.

Миллионерлер аукцион түрінде өткен шараға белсенді қатысты. Туған жерге қамқорлық жасағысы келетіндер өте көп. Арайлым Әбдірахманова – 2015 жылы «Даму» қоры арқылы мемлекеттік несие алғандардың бірі. Есепші бір күнде жұмысын тастап, өз баспаханасын ашыпты.

Арайлым Әбдірахманова, кәсіпкер:

– Сіздердің ауданның кәсіпкерлері бұл шараны қаншалықты қолдап отыр? 

– Біз Жарма ауданының кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондықтан бізді форумға шақырғандықтан, келіп отырмыз. «Менің мектебім» аясында қазіргі таңда бүкіл Жарма ауданының кәсіпкерлері атынан 24 млн 200 теңге үлес қосуға дайын екенімізді айтамыз.

– Бұл ақшаны бір күннің ішінде жинадыңыздар ма?

- Жоқ, екі жұманың ішінде. Бүкіл Жарма ауданы кәсіпкерлері атынан беріп отырмыз. Балалар – біздің болашағымыз. Білікті де, білімді бала өсіріп шыққан бізге де жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз. Сондықтан балаларымызға әрқашан көмектесеміз.

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер 1360 жобаға 21,5 миллиард теңге аударған. Бұл сомаға аурухана, мектеп және мәдениет үйлері жөнделіп, спорт алаңдары салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Тек қана білім саласына қатысты 271 жобаға 1614,3 млн теңге бөлініп отыр.

Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Форум барысында шығысқазақстандық кәсіпкерлер 2 млрд 273 мың 605 мың теңге жинады.

Бұл сомаға 277 мектепке арнап заманауи құрылғылар сатып алынбақ. Ауыл балалары химия, физика, биология және робототехниканы жетік меңгеруі тиіс. Ғылымды алдыңғы қатарға қойған білім ордасы түбі озары анық.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Абдулла Исаев

11. Сапалы құрылыс

Елордадағы үй құрылысы комбинаты баспана салуда ерекше технологияны қолдануға кірісті. Яғни темірбетондарды дайындап, үйдің қабырғасын бір-біріне қалап тұрғызуда. Соның арқасында көп қабатты тұрғын үйдің нобайы 6 айда салынды. Құрылыс аяқталуға жақын. Небәрі 6 айда құрылысшылар 17 қабатты үйді салды. 

ХХІ ғасыр. Құрылыс саласындағы технология сәт сайын жаңарып, жаңғырып отырады. Бүкіл әлемде жүріп жатқан үдеріс осы. Сапалы әрі қауіпсіз үйді аз уақытта тұрғызу мүмкіндігі туды. Отандық үй құрылысы комбинаты өндірісте осы жаңашылдықты қолданып жүр. Қарапайым тілмен айтсақ, балаларға арналған LEGO ойыны тәріздес. Дайын темірбетондарды бір-біріне қалап, сызбадағы үйдің іргетасын көтереді.

Андрей Титенок, Үй құрылысы комбинатының атқарушы директоры:

– Қазіргі уақытта 16-қабатты cалып жатырмыз. Құрылысты жаздың соңында бастағанбыз. Ең жоғарғы қабатын сұранысқа сәйкес тұрғыздық. Шығынды азайтатын әдіс. Электр қуатын да үнемдейді. Бұрын құрылыс 2 жылға созылса, қазір 6 ай жеткілікті.

Осылайша Астанадағы көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аз уақытта аяқталмақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мердігер компания бұдан үйдің сапасы төмендемейді және жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасы арзандайды деген сенімде. Себебі баспана мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр.

Жанна Бектемірова, Үй құрылысы комбинатының бас директоры:

– 1 қаңтардан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жерде баға саясаты басты орында. Яғни салынған үйлер халыққа қолжетімді болуға тиісті.

Құрылысқа Қазақстанда жасалған материалдар қолданылады. Қиыршық тас, құм, цемент өзімізден. Металдың негізгі бөлігі де отандық тауар өндірушілерінен сатып алынады. Тек құрылыс материалдарының қоспалары мен химия өнімдері – шетелдік. Соңғы технологияның арқасында құрылыс екі есе жеңіл. Мұнда үй қабырғасын салуға арналған темірбетон бұйымдарының барлық түрі шығарылады. Бұл материалдармен дайын үй тұрғызуға болады.

Азамат Иманов, Үй құрылысы комбинатының өндірістік оқыту жөніндегі менеджері:

– Темірбетон бұйымдардың басқа құрылыс материалдарына қарағанда, құрылыс бұйымдары өте тиімді болып келеді. Ең бірінші мерзімінен бұрын біздің панельдеріміз тез салынады. Екіншіден құрылыс материалдары аз кетеді.

Құрылыс басында әдеттегідей қаптаған жұмысшы мен техника жоқ. Себебі барлық жұмыс алдын ала жоспарланып, үйдің әр қабырғасы сызылады. Соған сәйкес бетон әзірленеді. Үй жылы болу үшін қабырғасына айрықша мән беріледі. Тек дайын материалды құрастыру кезінде қателеспеу керек. Германия мен Австрияда шығарылған заманауи технологиялық құрылғылар жұмысты жеңілдетіп отыр.

Азамат Иманов, Үй құрылысы комбинатының өндірістік оқыту жөніндегі менеджері:

– Жаңа технологияға сай құрылыс машиналары бар. Арматуралық сеткалар тоқу үшін де бізде құрылыс машинасы жұмыс істейді. Ол өте тиімді және арматуралық сетканы құру жағынан аз уақыт кетеді. Және бізде бетон дайындайтын зауыт бар. Ол зауыттың қасында жақын орналасқан. Тиімділігі, бетонды әрбір жерден тасымаймыз. Осы зауыттың ішінде барлығы орналасқан.

«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, құрылыс компанияларын тұрғын үй салуға ынталандырудың бір жолы – несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Биыл осы мақсатқа бюджеттен ақша бөлінді.

Жанна Бектемірова, Үй құрылысы комбинатының бас директоры:

– Мердігер ретінде бізге ең маңыздысы мемлекет тарапынан субсидия бөлінді. Біздің компания жылына 10 пайызбен ақша алып отыр. Ол үйдің құнына тікелей әсер етеді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» баспана алатын тұрғындардың тізімі бар. Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 30 мың доллар тұратын пәтерді алсаңыз, айына 40 мың теңге төлейсіз. Бұл осы банкте есепшот ашып, қаржы жинап отырған азаматтарға ғана арналған.

Еліміздегі баспана нарығының 40 пайызы Астанаға тиесілі. Бас қалада пәтерге сұраныс жоғары. Өндіріс орнындағы жаңа технология үй кезегін жылдап күтетін жандарға үміт сыйлады. Баспана бағасын өзге компаниялар да түсіруге қадам жасайтыны анық. Себебі бәсеке бар. Тек қана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жылына 100 мың пәтер мен жеке тұрғын үйлерді қолданысқа беру көзделіп отыр.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Әсем Қабылбек, Азамат Сәметов

12. Батырларға құрмет

Ресейдің Псков облысында Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығын арқау еткен ауқымды шаралар өтіп жатыр. Аты аңызға айналған пулеметші 1943 жылдың қазанында майдандастарымен бірге Невель қаласын азат ету ұрыстарында ерлікпен қаза тапты. Бүгінде ашық аспан астында өмір сүрген шаһар тұрғындары батыр қыздың, сондай-ақ отан үшін отқа түскен қазақ жауынгерлерінің ерлігін ұмытпақ емес. 

Невель қаласындағы өнер мектебінің оқушысы Анна Бутман Мәншүк Мәметованы үлгі тұтар тұлға деп біледі. 14 жасар дарынды қыз «Біздің Мәншүк» атты халықаралық додада батырдың ерлігін жырына қосты.

Анна Бутман, өнер мектебінің оқушысы:

– Мәншүк Мәметованың мінезіне тәнтімін. Осындай мінез кейбір ер адамдардың бойынан да табылмайды. 20 жасында қыршыннан қиылған қыз – мен үшін үлгі тұтар тұлға.

Павлодарлық патриоттық-іздестіру жасақтары ресейлік әріптестерімен бірге батырлар жолымен жүрік өтпек. Осындай шешім Псков жерінде өткен кездесуде қабылданды.

Иван Малахов, «Гвоздика» іздестіру жасағының сарбазы:

– Невельді босату жолында шейіт болған Әбілқайыр Баймолдин, Ыбырайым Сүлейменов, Мәншүк Мәметовадай батыр бабаларымыздің ерлігі – біз үшін зор мақтаныш. Оларды Қазақстанның ғана емес, Ресейдің батыр ұл-қыздары деп білеміз.

Дәл осы жерде 1943 жылдың қазанында кескілескен шайқас болған. Бұл биіктікте қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты. Бүгін араға 74 жыл салып, осы жерден сол соғыс заманында қолданыста болған темір сымдар мен айналадан окоп іздерін көруге болады.

Мәншүк Мәметова соғыстың алғашқы жылдары әскер қатарына сұранып, 21-атқыштар дивизиясында ұрыстарға қатысты. Невель қаласы үшін болған шешуші шайқаста пулеметтен оқ боратып, ерлік көрсеткен қыздың ақтық демі дәл осы жерде таусылды. Бұл төбешікте Отан үшін жандарын пида еткен жауынгелерінің есімдері тасқа қашалып жазылған.

Аслан Азербаев, С.Торайғыров атындағы ПМУ тарих кафедрасының аға оқытушысы:

– Жерлесім Әбілқайыр Баймолдин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және көптеген батырларымыз бар. Олар үлгі болады. Олардың ерлігі, олардың батырлығы тәрбие үрдісінде ең маңызды орын алады.

Псков облысында 20-дан астам іздестіру отряды бар. Басты мақсат – қан майданда отқа түскен жауынгерлердің жатқан жерін анықтап, туыстарын табу. Мәселен, «Гвоздика» тобының негізі қаланғаннан бері 1570 солдаттың басы көтерілді. Олардың қатарында 80 қазақ сарбазы бар. Ал майдан даласынан табылған дүниелер бір мұражайға пара-пар.

Иван Михайлов, «Гвоздика» іздестіру жасағының командирі:

– Іздестіру жұмыстары жыл он екі ай жүргізіледі. Биыл 227 Кеңес жауынгерінің сүйегін тауып, «Бауырластар» зиратына жерледік. Жұмыс қарқыны бір сәтке де бәсеңдеген емес.

Невель қаласындағы әр ғимарат, әр көше сұрапыл соғыс туралы сыр шертеді. Мәселен, бұл ғимаратта 100-атқыштар дивизиясының командирі, Невель қаласының алғашқы коменданты Әбілқайыр Баймолдин қызмет еткен.

Александр Андреев-Снегин, Ресей Суретшілер одағының мүшесі:

– Невель жеріне келген 100-бригадаға үлкен жауапкершілік артылды. Ержүрек жауынгерлер шаһарымызды азат ету мақсатын қойды. Сол сәтте 30-екпінді әскерінің генералы Кузьма Галицкий Әбілқайыр Баймолдинді шаһардың коменданты етіп бекітті. Бұл тарих беттеріне ең табысты әскери операция болып жазылды.

Невель қаласының орталығындағы әскери зиратта Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметова, аты аңызға айналған Әбілқайыр Баймолдин мен мерген Ыбырайым Сүлейменовтың сүйегі жатыр. Батыр бабаларымыздың рухына тағзым етуге келгендердің ішінде Ресейдегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының белсенділері де болды. Шаһардағы гимназияның 400-ге тарта оқушысы Мәншүк Мәметованың өмір жолын зерттеуге ден қойған. Бүгінде ұстаздар қауымы 31 жылдық тарихы бар мектепке Кеңес одағы батырының есімін беру бастамасын көтеріп отыр.

Валентин Кузнецов, Невель қаласының №4 мектеп-гимназиясының директоры:

– Гимназия – Мәншүк Мәметованың өмірін зерттеу орталығы. Бүгінгі күнге дейін жүздеген ғылыми жұмыс жазылды. Шәкірттеріміздің ішінде батыр қыздың жолын қуып, әскери мамандықты таңдағандар да бар.

Невель қаласының тумасы Василий Евсеевтің жанұясы қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменовты үлгі тұтады, құрметтейді.

Василий Евсеев, Невель қаласының тұрғыны:

– Ыбырайым Сүлейменовтың батылдығы мен батырлығына тәнтіміз. Шебер снайпер Невельді азат етуде 200-ден астам жаудың көзін жойғанын білеміз. Қазақ жауынгерінің ерлігін ұмытпаймыз.

1943 жылдың қазанында Невельді азат ету шайқасында 10 жауынгер Кеңес одағының батыры атанды. Ал еске алу шарасына арнайы келген мәскеулік қандастарымыз бен іздестіру жасақтары келесі жылы Невельді азат етудің 75 жылдығында қауышпақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков