Хабар телеарнасы

Жеті күн. 23 сәуір 2016

Сюжеттер
1.Елбасы «Таза қала – бақытты қала» атты жалпықалалық сенбілікке қатысты 2.Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары 3.ХІІІ Еуразия медиафорумы
4.Елбасы Манифесінің мазмұны мен маңызы 5.Сарапшылар мұнай бағасына болжам жасады 6.Долларсыздандыру бағыты
   
7.Татулық темірқазығы    

1.Елбасы «Таза қала – бақытты қала» атты жалпықалалық сенбілікке қатысты

2017 жылы «ЭКСПО» көрмесінің ашылуы қарсаңына қарай Астана халқы 1 миллионға жетуі ықтимал. Бүгін Мемлекет басшысы жалпыхалықтық сенбілікке қатысып, журналистерге берген сұхбаты кезінде осылай деді.

Қазір таңда елорда тұрғындарының саны 900 мыңға жуық. Бүгін солардың жүз мыңнан астамы сенбілікке шықты.  

Көппен бірге Президент те ағаш екті. Шара барысында ұзынсаны 16 мыңдай көшет отырғызылды. 

Бұдан бөлек, Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендері арналары қоқыстан тазартылды. 

Елбасы сенбілік кезінде жастармен емен-жарқын әңгімелесті.  

Қазір елорданың айналасындағы 70 мың гектар аумаққа ағаш отырғызылған.

Бұлан бөлек, жыл сайын саябақтар мен гүлзарлар көбейіп келеді. Мұның бәрі Астананың ажарын аша түсті. Президент барша қазақстандықтарды көгалдандыру жұмыстарына жұмылуға шақырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Біздің Астанамыз  Қазақстанмен бірге көркейіп, дүние жүзіне белгілі болған қала. «ЭКСПО-ны» ашарда, соның алдында Астанада 1 млн тұрғын бар деп жариялаймыз ендігі жылы. Қазір енді 900-ге жақындап қалды. Сонда Астанамызда 1 млн халық тұрады. Кім ойлады оны, 1998 жылы жариялаған кезде 200 мыңға жетпейтін халқы бар еді. Мінекей, қазір 1 млн 3-4 млн-дық қала болатын болса, елдің ішіндегі ғылымды, білімді, технологияны өркендетуге, білім беруге, денсаулық сақтауға үлкен мектеп. Сондықтан барлық қазақстандықтарға, жастарға айтарым, мына көктемді пайдаланып, өзінің ауылын жаңғыртып, көшелерін тазалап, орман егіп, сондай кемтарларға көмектесіп, қаражаты аздарға көмек беріп, жастарға, жетімдерге көмектесіп, осындай жұмыстармен Тәуелсіздіктің 25 жылдықты қарсы алуымыз керек. Жай әшейін су сөзбен емес, жұмыспен. Әрқайсысы қазақстандық, жастарымыз атсалысатын болса, әр ауылымыз көркейеді, әр ауданымыз көркейеді, әр қаламыз көркейеді. Қазақстанның барлығы жайнайды. Біздің керемет үлкен еліміз бар, даламыз бар. Оның бәрінде орман жоқ, ағаш жоқ. Ағаш еккен тек қана жеңіл жалау емес, ол адамның денсаулығы. Оттегісін беретінін түсініп елін сүйген адам жақсылық істеу керек. Болашаққа жұмыс істеу керек.

Ақпарат құралдарына берген сұхбатында Президент соңғы кездегі сырт елдерге жасаған сапарларын түйіндеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Бір айдың ішінде дүние жүзінің барлық басшыларымен кездестік деп айтуға болады. Вашингтонда үлкен елдердің басшылары жиналған жиылыста АҚШ Президентінің бастамасымен ядролық күреске қарсы саммитте көп басшымен кездестік. Ыстамбұлда барлық мұсылман елдерінің 57 елдің басшылары қосылған үлкен форумға қатысып, ол жерде Қазақстанның пікірін айтып, Қазақстандағы істеліп жатқан жағдайды айтып, елдің бәріне түсіндірді. Сол кездегі қуанатын мәселе дүниенің барлық түкпірінде Қазақстанды біледі. Мені де таниды, Қазақстанды да біледі. Істеп жатқан шаруалардың барлығын біледі. Соның аяғында мінекей, қайтып келіп, Өзбекстанда да болдым. Бүгін міне, сендермен кездесіп, көктемнің жарқыраған күнінде Астанада көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

2.Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары

Ендігі жылы ел экономикасы екпін алады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің сарапшылары осындай болжам жасап отыр.

Айтуларынша, өткен алты ай оңайға соқпады. Дегенмен, даму қарқыны қазір қалыпқа келе бастаған. Бұған дейін халықаралық валюта қоры да өз есебінде 2017 жылды жақсылыққа балады. Мамандар:«Қашағанның жандануы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы экономикаға дем береді», – деп түйген еді.

Елдің аяқ алысын аймақтардан аңғаруға болады. Кеше Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Екі өндірісті аралады. Қос кәсіпорын – өңірдегі шағын және орта бизнестің озығы. Сонымен өзімізде шығарылған өнімнің өресі қандай? 

Оңтүстік Қазақстан облысы – өндірісі өркендеген өңір. Аймақта мақта-тоқыма шаруашылығы, фармацевтикалық кластері аясында жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті өнім өндіріледі. 

Шикізат тәуелділігінен арылып, ел экономикасын әртараптандыру. Жергілікті кәсіпкерлердің ұстанған қағидаттары осы. Шымкентте күн санап, жеңіл өнеркәсіп саласы қарқын алып келеді. 

Елдегі бизнеске деген оң көзқарас арқасында кәсіпорындардың саны артып, жаңадан фабрикалар ашылып жатыр. Солардың бірі – мақта талшығын өңдеп, мата шығаратын «Азала текстил» фабрикасы.

Отандық тоқыма бұйымдарын дүниежүзілік нарыққа шығарып отырған фабрика шикізаттан бастап мата тоқу, қала берді сан алуан бұйымдар шығару ісін жүйелі түрде жүргізуде. 

Тоқыма кластерін дамыту арқылы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді. Өнімдерін Германия, Австрия, Түркия, Литва, тіпті Африкаға дейін экспорттауда.

Елбасының шырайлы шымқаладағы сапары осы кәсіпорыннан басталды. Ашылғанына жарты жылдай уақыт өтсе де, мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосып отырған фабрика жұмысына Президент оң бағасын берді. Жұмысшылармен сөйлесті, қал-жағдайларын бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Құттықтайын деп келдім. Осындай өндірістің болуын қаладым. Мақта өзімізде бар. Мақтаны өңдеп сыртқа шығара береді, ешқандай табыс жоқ. Мыналар бергісі келмейді. Бергізбей жатырмыз сендерге. Қазір өздеріңдікі. Өндіресіңдер, алып келесіңдер, өңдейсіңдер. Матаға дейін жасап, киімді де шығарасыңдар. Арман сол. 

Қазақ жері қашанда қазба байлықпен қатар, құнарлы топыраққа бай. Не ексең, соны орасың. Жемісін көресің, пайда табасың. Тек бабын тауып, ебімен іске жарата білсең болғаны. 

Оңтүстік аймақта кезінде кеңінен дамыған мақта өндірісі қайта жаңғыруда. Іскер азаматтар мемлекеттен қолдау тауып, екеуара әріптестік арқасында бизнес ұршығын оң бағытта айналдыруда. Осы саланы игерген көршілес өзбек, тәжік кәсіпкерлеріне бәсекелестік тудыруда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Өзіміздің мақта екі жүз мың тонна. Мынау үлкейе берсе, сырттан әкелінетіннің бәрін өзіміз жасайтын боламыз. Қыздарға, әйелдерге жұмыс беру керек. 

Ісің өрге домаласын десең, сапалы әрі бағасы қолжетімді дүние шығару керек. Бұл уақыт талабы. Өнімге сұраныс, тұрақты табыс, осыдан туады. Елбасы осыны ескерді, ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Өндіріс облыста өндірілетін мақта шикізатына негізделген және Қазақстанның мақта кластерін дамытуға қосымша стимул болуда. Сондықтан мұнда өзімізде өскен мақта әкелінеді, өңделеді, жіп иіріледі, ол түрлі түске боялып, мата шығады. Тек бұның бәрін атқаратын техника шетелдік, заманауи. Швейцария, Германия, Австрия, Италиядан әкелінген. 

Фабрика қызметкері Данияр Кишуаров сүлгілер кептіру бөлімінде қызмет етеді.

Даниар Кишуаров, кептіру машинасы операторы

-Бұл махранам күйінде келеді маған. Содан бұл машинаға керек температураны программамен қойып, өзінің градусымен, температурасымен салып кептіремін. Содан ол өзінің уақытымен кептіріледі. Осы жерден шыққан мата, махрамыз кептіріліп, жұмсақ болып шығуы керек.

Цехтан саудаға шықпас бұрын өнім тексеріске жіберіледі. Арнайы зертханада материал созылып, жыртылып, жуылып көріп, шыдамдылығы байқалады. Бір сөзбен сапа сынағынан өтеді.

Айжан Райымбекова, зерттеу бөлімі маманы

-Цехтан келген матаны біз мына жерде түсін анықтаймыз. Және ол стандартқа сай келетінін анықтап, оған түске өзінің кодын береміз. Одан сол ол алынған матаны біз мына машинада жыртылу күшін көреміз. Яғни, Ньютон күшін көреміз. Бұл жерде мынадай көрсеткіш көрсетіп тұр. Және де келесі анализіміз мына машинада істелінеді. Мұнан матаның үйкелуін, үйкелу көрсеткішін көреміз.

Қазақстандық өнім Қазақстанда сатылмайды деген қауесет бар жұрт арасында. Осы ойды сейілту үшін кәсіпорынның бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Жамалов бүгінде ұлттық компаниялардан, Қорғаныс, Білім және ғылым, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрліктерінен көптеп тапсырыстар түсіп жатқанын айтады. 

Бүгіннің өзінде текстильдік компания мен мемлекеттік органдар арасында ұзақмерзімді келісімдер жасалған.

Бауыржан Жамалов, Azala Textile ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы  

-Жасампаз деген консорциум ашылған. Бес текстиль мекеме кіріп, бүгінгі таңда «ҚазИнжинирингпен», Қорғаныс министрлігімен бірлікте біз бес жылдық конрактіге отырғамыз. Контракт бойынша бес мың адамға зат шығару, оның ішіндегі бүгінгі 2016 жылғы заттарымыздың ішіндегі 1 миллион 200 метр матаны бүгін заказ алдық. Енді біздің мақсатымыз – өзіміздің Қазақстандағы азаматтарымызға сол заттарды шығару, орысша айтқанда импортозамещениені азайту, шетелден келетін маталардың бәрін тоқтатып, қазақстандық зат шығару.

Ал мынау Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық кәсіпорын. Мұнда жөтелгенде іздейтін мукалтиннен бастап, ауыр ауруға шалдыққан кезде тағайындалатын дәрі-дәрмектерге дейін шығарылады. 

Компания бүгінде халықаралық GNP лицензиясын алып, еуроапалық фармацевтикалық компаниялармен бәсекелесетіндей, қиын оталарда қолданатын сұйықтықтар шығару ісін бастаған. 

Елбасы өндіріс өрісін кеңейткен кәсіпорын қызметімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Запускают новые производства, приезжают аудиторы, мы получаем сертификаты. Это очень хорошо, самое главное, чтобы качество было не хуже, мы же людей лечим. иногда говорят, что наши препараты не дают эффекта, после этого принимают препараты западные и человеку становится лучше. Этот завод производит 50 процентов собственных препаратов в Казахстане. А вообще потребление наше больше идёт импорт почти на миллиард долларов. Есть потребности. Вам здесь самый хороший бизнес. Увеличивать и порывать импорт за счёт нашего производства. Всегда в истории все лекарства делали из трав. Всё есть в природе, только надо разбираться. Мы ещё не знаем все возможности трав, естественных трав вот наши горы, мы собираем травы, выпускаем три линии.

Жұрағат Баман, тілші  

-Қолымдағы ұстап тұрған мына сұйықтық лимфузияға арналған ерітінді. Плазмалық алмастырғыш зат деп аталады. Яғни қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, ота жасау кезінде науқас көп мөлшерде қан жоғалтатын болса, осы сұйықтықпен алмастыруға болады. Бұл отандық өнімнің Орталық Азияда аналогы жоқ.

Оңтүстік Қазақстан облысында фармацевтикалық кластер құру туралы бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған. 

Бүгінде республикада өндіріліп жатқан препараттардың жартысына жуығы осы өңір үлесінде. Жылына бұнда жалпы сомасы 16 жарым миллиард теңге тұратын таблеткалар мен капсулалар шығады. Дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін өндіреді.

Ижи Урбанец, «Химфарм» АҚ бас директоры

-Өндірілген өнімдер бес  мемлекетке Ресейге, Монғолияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Түркіменстанға экспортталады. Сату көлемін жоғарылату мақсатында Қырғызстаннан өкілдік аштық. Ендігі жоспар Өзбекстан нарығына шығу және Ресейдегі алатын орынның ауқымын кеңейту болып отыр. Өткен жылы аталған елдерге құны 1,3 миллиард теңгеден асатын дәрі-дәрмек экспорттадық. Бұл кіріс, бұл пайда, бұл кеңею, дамудың кепілі. 

Жұрағат Баман, тілші

-Батысымыз мұнайын, солтүстік жақ астығын, оңтүстікте құнарлы жердің игілігін толық пайдалана білсек, ел-жұрқа тиімді. Қазіргі экономикалық қысылтаяң шақта нарыққа шикізат саудалаумен ғана шектелмей, табыс көзін кішігірім бизнес арқылы, халықтың кәсіпкерлікке ұмтылысын тудыру негізінде дамытсақ, қыспақтан шығатын кез жақын. Осыны айтқан Елбасы, осы өңір кәсіпкерлері мен басшылығына ұстанған бағыттан тайынбай, жұмыстың жемісін тіледі. 

Авторлары: Жұрағат Баман, Жұмағали Біргебаев, Руслан Жакеев

3.ХІІІ Еуразия медиафорумы

Аптаның айтулы оқиғасы – Астанада өткен Еуразиялық медиафорум. Әлемнің «мен мықты» деген сарапшыларын, саясаттанушыларын, экономистері мен журналистерін бір жерге жинаған басқосуда осы жолы да күрделі мәселелердің көбі талқыланды, орамды ой мен маңызды мәлімдемелер жасалды. 

Мәртебелі меймандар легін Ауғанстанның экс-президенті Хамит Карзай бастады. Сондай-ақ Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Джек Стро, Грекия Парламентінің депутаты Ольга Кефаллояни және Риз Хан, Алексей Пивоваров секілді журналистер форум жұмысына қатысты. 

Елбасы делегаттарға құттықтау хатын жолдады. Оны Премьер-Министрдің орынбасары, Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева оқып берді. «Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жаһандық сындарлы диалог салтанат құратын дәуір болуы тиіс. Сол себепті Еуразиялық медиа форумның алаңында қордаланған әлемдік проблемаларды ашық талқылап, теңгерімді шешімдер іздестіру – бейбітшілік жолындағы жалпы әлемдік қозғалысқа қосылар баға жетпес үлес», – делінген хатта. 

Форум өтетін орын алыстан-ақ мен мұндалап тұрғандай. Ілінген жалау, тізілген сәнді көліктен көз сүрінеді. Ішке өтсеңіз де, салтанатты реңкті бірден байқайсыз. 

Кәделі жиынның ашылуына сәл-ақ қалды. Бірақ кіреберісте кідірген жұрт көп. 

Кеңеске дейін ойларымен бөлісіп, сұхбат құруға кірісіп кеткендері де бар. Топ алдында сөйлеу машықтары анық аңғарылады. Бұл заңды да.

Медифорум делегаттарының дені – тісқаққан тілшілер. Сақа саясаткерлер мен сарапшылар да шақырылған. Үш күн бойы олар ғаламдық проблемаларды сөз қылып, тығырықтан шығарар шара іздеумен болды.

Талқыға тасталған тақырыптар сан алуан. Алғашқысы – экономикалық дағдарыс. Спикерлердің ойы осы тұстан-ақ қақ жарылды. 

Дмитрий Мезенцев, РФ Кеңесі экономикалық саясат комитетінің мүшесі 

-Шикізат бағасының арзандауы біздерді ширақ қимылдауға үйретеді. Экономиканы әртараптандыруға, қызмет саласын жетілдіруімізге итермелейді. Бірақ батыс елдерінің санкциялары мәселені тек күрделендіріп отыр.

Джек Стро, Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі 

-Меніңше, экономикалық санкциялар тиімділігін көрсеткен дұрыс тәсіл. Әскери іс-қимылдарға қарағанда залалы әлдақайда аз. Әрі оны кез келген уақытта доғару туралы шешім қабылдауға болады.

Тұрмысы тұралап, тыныштығы бұзылған Ауған елін он жыл бойы басқарған Хамид Карзай: «Гәп басқада», – дейді. 

Айтуынша, экономикалық һәм саяси мәселелердің ұшығуына ішінара мемлекет басшыларының жүргізіп отырған сауатсыз саясаты себеп.

Хамид Карзай, Ауғанстанның бұрынғы Президенті

-Әлемдік державалардың бір-біріне деген сенімі азайды. Мен АҚШ, Қытай, Үндістан және Ресей басшыларына өз ұстанымдарын өзге елдерге ашық әрі түсінікті етіп көрсетуге кеңес беремін. 

Әлем экономикасының бәсең дамуына әсер еткен тағы бір маңызды фактор бар. Ол – мұнай бағасының құлдырауы. Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі қара алтынның құнсыздануын ОПЕК қызметінің сылбырлығымен байланыстырады. 

Джек Стро, Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі

-Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы стратегиялық шаралар қабылдауы тиіс. Сонда ғана мұнай қымбаттап, нарықтағы жағдай оңалады. 

Сарапшы сөзін ОПЕК-тің алдыңғы жексенбіде Дохада өткен нәтижесіз келіссөздері қуаттайды. Мұнай экспорттаушы елдер қара алтын өндірісін 2016 жылдың қаңтарындағы көрсеткішке дейін төмендетуге келісе алмай, тарқасқан болатын. «Осыны қаперге салған спикерлер жағдайды оңалтуға ірі мұнай тасымалдаушылар да құлық танытпай отыр», – дейді.

Гурм Бен Саид Әл-Милхан, Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшісі 

-Сауд Арабиясына қатысты да осындай ойлар айтылды. Бірақ мұнай нарығындағы жағдайды жақсартуға барлық тарап мүдделілік танытуы керек. Мәселені ОПЕК-тен тыс бір ғана біздің корольдіктің шешуі мүмкін емес.

Қауіптің тағы бір шеті лаңкестік ұйымдардан төніп тұр. «Ирак және Левант» бастаған содырлар тобы қазір жер-жерлердегі мұнай инфрақұрылымдарын басып алуға талпынуда. 

Сирия аумағындағы әрекеттері сөзімізге дәлел. Форум қатысушылары: «Террористер дегеніне жетсе, істің насырға шапқаны», – деп отыр. 

Қаржы көзін иеленген соң олар құрамын, географиясын кеңейтуге кірісетінін айтады. «Сирия мәселесі өткір», – деген пікірмен ливандық сарапшы Хишам Жабер де келіседі. 

Ғалымның айтуынша, Араб елі мүлде ыдырап кетудің аз-ақ алдында тұр. 

Хишам Жабер, Таяу Шығыс зерттеу орталығының Президенті /Ливан/

-Сириядағы текетірестер АҚШ, Ресей, Иран және Түркияның бірлескен күшімен шешілуі мүмкін. Осы төрттіктің мүдделілік танытуы шарт. Өйтпеген жағдайда Араб елінде өкше тіреп, әбден күш алған соң содырлар өзге елдерде лаң салуға кіріседі. Иран мен Түркиядан бастап барлық Араб елдерінде ықпалын жүргізуге талпынады.

Содырлардың ойы тіптен әрі де жатқан сыңайлы. Араб елдерімен шектелмей, мұқым жер шарында ойран салуға бар. Париж бен Брюссельдегі соңғы қанды оқиғалар соның айғағы. 

Гюнтер Кхабе, Deutsche Welle телерадиокешенінің өкілі /Германия/

-Халықаралық терроризм үлкен қауіп төндіріп отыр. Әсіресе Ислам дінінің атын жамылған жалған, жауыз лаңкестер күш алып келеді. Оларға қарсы күрес жаһандық тұрғыда әрі кешенді түрде жүргізілуі керек. 

Делегаттардың пайымынша, терроризммен күрес жұмысына БАҚ-та атсалысуы керек. Нақты екі бағыт бойынша. Біріншіден, лаңкестік ұйымдардың әрекетін мейлінше азырақ көрсетуі керек. Себебі содырлар өздері жайлы жиі айтылуына мүдделі. Насихатталғандарын қалайды. Екіншіден, ақпарат құралдары тек расталған мәліметтерді жариялауға әдеттенуі тиіс.  

Михаил Гусман, «Тасс» ақпараттық агенттігі бас директорының бірінші орынбасары /Ресей/

-Өткен жылы әлемдегі ең беделді ақпараттың агенттіктің бірі «Ассошиэйтед Пресстің» ресми сайтында: «Ақ үйде жарылыс болды. Обама жаралы», – деген шұғыл хабарлама жарияланды. Не бары 3-5 минуттың ішінде ол мәліметті әлем бойынша мыңдаған ақпарат құралы көшіріп алып, жариялап үлгерді. Тізімде біздің де агенттік бар еді. Кейін барлығымыз хакерлік шабуылдың құрбаны болғанымызды түсіндік. 

Михаил Гусманның айтуынша, осы қаупі зор кибер қылмыстарды қазір лаңкестік ұйымдар жиі қолданып жүр. Қоғамда үрей туғызу үшін, бұқараның тыныштығын бұзу мақсатында. Сарапшы: «Оларға тоқтау салатын тетіктер қажет», – дейді. 

Михаил Гусман, «Тасс» ақпараттық агенттігі бас директорының бірінші орынбасары /Ресей/

-Лаңкестердің жолын қазір кеспесек, ертең кеш болады. Оларға қарсы күрес жолдарын Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтон саммитінде нақты көрсетті. Президенттің Манифесіне бүкіл әлем үн қосуда. БҰҰ-ның екі органы оны ресми құжаты ретінде бекітті. 

Әрине, Еуразия медиафорумы қарар қабылданып, құжат бекитін БҰҰ жиыны емес. 

Белгілі сарапшы Ерлан Қариннің айтуынша, бұл алаңда өзара пікір алмасу арқылы сол жаһандық келісімдердің іргесі қаланады.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

-Қазір көріп отырғанымыздай, Ауғанстанда, Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада болып жатқан оқиғалардың кері әсері қалай да болса, басқа мемлекеттерге, соның ішінде Орталық Азия елдеріне де тиюі мүмкін. Сондықтан біздер де бұл саяси диологтың дамуына өзіміздің үлесімізді қоса беруіміз керек. 

Таяу Шығыс пен Африкадағы ахуал, мигранттар мехнаты, Кәрі құрлықтағы жағдай, Еуроодақтан Ұлыбританияның бөліну туралы бастамасы. Қарап отырсаңыз, бұл халықаралық түйткілдер өзара тығыз байланысты. Тізбектеле келіп, бірінен-бірі туындады. Енді қайтпек керек? Шешім біреу. Төнген қатерлерге бірге төтеп беру. Форум қатысушылары келіскен ортақ пікір осы.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы 

-Менің ойымша, қазір әлемдегі қиын процестер өркениеттер арасындағы қақтығыс емес, керісінше, жаһандануға бейімделу процесінің әсері. Бұл өте ұзаққа созылатын әрі драмаға толы үдеріс. Сондықтан бүкіл адамзаттың өркениеті өзара үйлесіп, бір арнаға түсуі үшін бірнеше ұрпақ алмасуы керек шығар. Мен өркениеттер арасындағы кедергі жойылуы керек деп есептеймін. Себебі ешбір ел оқшауланып өмір сүре алмайды. Әсіресе қазіргідей ақпараттық коммуникация мен интернет дамыған заманда. 

Келесі құрылтай алдағы жылы 22-23 маусым аралығында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі алаңында өтеді. 

Ал осы жиында айтылған кемел ой, тың ұсыныстардың кәдеге жарары даусыз. Күні ертең-ақ мынадай басылымдар арқылы олар жер-жаһанға тарайды. 

Бауыржан Бақытбекұлы, тілші

-Әрине, форумда айтылған ойлардың ауаны бір деуге келмес. Керісінше қарама-қайшы көзқарастар мен пікірлер басым болды. Осы түрлі ұстанымдағы тараптардың бір алаңда сұхбат құруы жиынның, бәлкім басты жетістігі болар. Өйткені қазіргі жаһандық мәселелерді батылмен емес, тек кеңесе отырып, ақылмен шешу мүмкін. 

Авторлары: Бауыржан Бақытбекұлы, Серік Қоңырбаев

4.Елбасы Манифесінің мазмұны мен маңызы

Өткен жылдың өзінде тек ірі деген лаңкестік оқиғаларды тізбектесек, саны 30-ға иек артады екен. Биыл да жағдай мәз. 

Жыл басынан бері Түркияда, Бельгияда, Пәкістанда жарылыстар болды. Күні кеше ғана Кабулдағы қанды қасапта 70-ке жуық адам қаза тапты, 300-ден астамы жараланды.

«Ирак пен Левант» ұйымы Еуропаға биологиялық және ядролық қарумен шабуылдауды жоспарлап отыр. Аптаның бел ортасында осындай ақпар тарады. Мәліметті Еурокомиссия өкілдері растаған. 

Сарапшылар: «Бұл лаңкестік ұйымның ендігі қызметі екі бағытта болмақ», – дейді. Бірі – Ирак пен Сирия жеріне үстемдік жүргізуге талпыну, екіншісі  – Еуропада терактілер ұйымдастыруға күш салу. Қалай дегенмен де, болып жатқан оқиғалар, болады екен деген ақпараттар дүниенің дегбірін қашырып тұр.

Біз терроризм тақырыбы төңірегінде Еуразиялық медиафорумның мейманы, Chime for Change басылымының бас редакторы Мариан Перлмен сұхбаттастық. 

Бір кездері қақтығыстардың қақ ортасында жүрген әріптесіміз қазір әлемдегі ахуалды жіті бақылап отырады. 

Мариан Перл, Chime For Change журналының бас редакторы

-Менің ойымша, жаһандағы қазіргі жағдай өте күрделі. Әсіресе осы тұста журналистерге артылған жүктің салмағы ауыр дер едім. Лаңкестер үгіт-насихатқа мұқтаж. Сондықтан медиаресурстың кез келген түрін қолдануға тырысады. Сол арқылы қоғамды қорқытуды көксейді. Және бұл олардың діттеген негізгі мақсаты. Көпшілік сақ болуы тиіс. 

Біз әріптесімізден Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесіне қатысты пікір сұрадық. Перл ханым құжаттың киберқылмыс жөніндегі бөлігіне кеңірек тоқталды. 

Мариан Перл, Chime For Change журналының бас редакторы

-Қазір интернетті бәрі қолданады. Саясаткерлерден бастап үйде отырған келіншектерге дейін ғаламторды жетік меңгерген. Бұл шын мәнінде – қару. Мәселе осы қаруды қалай қолдануда болып тұр. Лаңкестер интернетпен жұмыс істеуді әлдеқашан назарға алған. Сол арқылы қорқытады, қатарына қосады, үгіттейді, бағындырады. Мұның түк қиыны жоқ. Сондықтан бұл жүйе жіті бақылауға алынуы керек. 

Лаңкестер бірбеткей. Алған бағытынан қайтпайтыны анық байқалады. Қазір әлемде планетаны тұтасымен жойып жіберуге қауқарлы ядролық қару бар. Күні ертең оның террористердің қолына түспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Адамзатты атомнан азат ету жолында Қазақстан жалаң ұран тастап отырған жоқ. Нақты жолдарын көрсетіп берді. Соның тағы бір дәлелі – Президент Манифесі. 

Біріккен Ұлттар Ұйымның қос бірдей органы Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесі ресми құжат ретінде қабылдаған Манифест ауқымды, терең талдауды, түсіндіруді қажет етеді. 

Біз әзірге тек екі ұсыныстың айналасында зерттеу жүргіздік. Материалды эфирге бермес бұрын сол зерттеудің авторы, журналист Мақпал Мадияроваға бірер сауал қоймақпыз.  

Дархан Әбдіуахит, жүргізуші

- Мақпал, Елбасының Манифесі әлемде резонанс тудырғаны рас. Себебі мықты деген сарапшылар, Еуропарламенттің депутаттары бәрі талдап, зерттеп, қолдап жатыр. Сен де тақырыпты тиянақты зерттедің. Дәл осы сарындас құжат әлемде болған ба? 

Мақпал Мадиярова, тілші

-Негізі дәл бұл сарындас құжат жоқ. Әрине, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы түрлі жоба-жоспарлар бар. Ал Елбасының Манифесі – төрткүл дүниені қақтығыссыз, қорқынышсыз өмірге шақырған, жүйелі, нақты ұсыныстары бар құжат. Сондықтан құнды. Сондай-ақ бұл Манифес маңызының еселеніп тұрғаны дәл қазіргідей аумалы-төкпелі, адамдар бір-бірін түске дейін дос, кешкісін жау санайтын айнымалы, лаңкестер ылаңы өршіген шайқалмалы тұста жарияланғандығында. Беделді сарапшылардың жан жақтан үн қатып, қолдап жатқаны да сондықтан. Сөзіміз дәлелді болсын, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Ким Вон Су мырзаның пікірін тыңдайықшы.

Ким Вон Су, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары

-Біз осыдан 25 жыл бұрын Семей полигонын жапқан және барлық ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан, төмен байытылған уран өндіруге көшкен, сол төмен байытылған уран банкісін құруды қолға алған Қазақстанның барлық ұсыныстарына құрметпен қараймыз. Әсіресе төмен байытылған уран қауіпсіз. Бұл ретте Ядролық қару жасайтын шикізатты лаңкестер қолына түсірсе де, қолдана алмайды. Біз Қазақстан Президентінің осы Манифесінде айтылған барлық ұсыныс-тілектерін де жоғары бағалаймыз.

Дархан Әбдіуахит, жүргізуші

-Мақпал, Манифесте жаппай қырып жоятын қаруды жасау, оны жетілдіруге қатысты барлық  ғылыми жаңалықтарды тіркеп отыру туралы айтылады. Бұл ұсыныстың дәл қазіргі таңда қажеттілігі қандай?

Мақпал Мадиярова, тілші

-Мен негізі осы ұсынысты сюжетіме өзек етіп алдым. Қараңызшы, италиялық ғалым Энрико Ферми бастап берген мына экрандағы тізбекті ядролық реакция жаһанға қасірет әкелді. Ол атом бомбасы. «Мен әлемді талқандадым. Мен ажал себушімін» деген атақты фраза бар. Авторы Нагасаки мен Хиросима қаласын күл-талқан еткен ядролық бомбаны жасаған американдық физик – Роберт Оппенгеймер. Сондай-ақ ғалым Сахаров та: «Термоядролық жарылыстан кейін мұны тоқтатыңдар. Бұл адамзатты жояды», – деп опынды. Осылай бәрі бүлінген соң, бәрін бүлдірген соң өкініп отырмас үшін ғылыми жаңалықтардың реестрін құрудың қажеттілігі туындайды. Елбасының бұл ұсынысының құндылығы осы.

Қазақтың ең құйқалы жеріне қасірет қаруын жарғандар осылай ақталды. Ашық түрде сыналған 118 атом бомбасы адамдарды, топырақ-суды, құрт-құмырсқа, аң-құсқа дейін улады. Зардабы әлі күнге үзілген жоқ. 

1989 жылы Семейдегі сынақ полигонына қарсы алғашқы қадамдар басталған-ды. Әрине, бұл кеңес билігіне ұнаған жоқ. Күнде жиын өткізіп, полигонды жаппаудың мың себебін түсіндіріп, талқылап жатты. 

Осылайша бір-біріне әскери әлеуетін дәлелдеген державалардың құрбаны болды талайлар. Өзара азу көрсетіп, қару-жарақ жарыстыру әлі күнге тоқтаған жоқ. Өршімесе. 

Бүгінде атом қаруынан азат алты аймақ бар. Антарктида, Латын Америкасы, Африка, Австралия, Океания және Орталық Азия. Бұлар – тажал қаруынан ерікті түрде бас тартып, бейбітшілікті таңдағандар. 

Жаһанды жақсылыққа үндеген Нұрсұлтан Назарбаев осындай қарусыз елдердің қатарын көбейтуді ұсынады «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифесінде.

Петр Чакров, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

-Бір жұбаныш қазір мемлекеттер атомды соғыс қимылдарына қолданбай отыр. Бұл жаппай қырып-жоятын қарудың ең қорқынышты түрі. Қазір әлемде бұл қарудың қоры сондай жер планетасында қыбырлаған жәндік қалдырмай, бірнеше рет жойып жіберуге жетеді.

Қазіргі таңда ядролық клубтың құрамына ресми түрде 9 мемлекет тіркелген.

Тажал қаруын жасырып отырғандары да жоқ емес. 2012 жылы Солтүстік Корея өздерін ядролық держава ретінде жариялады. «Қит етсең, тетікті басамын», – деп қорқытады қазір. 

Қорқыныштың ең үлкені – бұл тоғыздық қатары лаңкестік ұйымдармен толыға ма деген үрей.

Ким Вон Су, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары

-Терроризм сөзі күллі адамзаттың, мемлекеттердің дегбірін қашыруда. Бізге қарусыз, қақтығыссыз әлем құруға сілтейтін бағыт қажет. Міне, Манифест дәл керек кезінде ұсынылған мықты инициатива болды.

Мақпал Мадиярова, тілші

-Қазіргі ғылымның, жаңа технологияның мүмкіндігіне шектеу жоқ. Жаппай қырып-жоятын қарудың қолда бары жетілдіріліп, зияны мен зардабы сұмдық жаңасы жасалып жатқан болуы мүмкін. Өйткені заманауи қару деп интернеттен іздесеңіз, түр-түрі шығады. Мінездемесін оқысаңыз, жан түршігеді. Лазерлік, сәулелік, адам генін құртып, мутацияға ұшырататын генетикалық, ауру тарататын бактериологиялық. Толып жатыр.

Елбасы Манифесінде адамзатты жоятын қаруды жасауға сеп ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеуді, теріс пиғылға жетелейтін ғылыми жаңалықтарды тіркейтін реестр құруды ұсынды. Ұсынысты қуаттағандардың бірі қорғаныс саласының сарапшысы ұлыбританиялық – Артур Денаро.  

Артур Денаро, Қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі /Ұлыбритания/

-Бізге ондай мәліметтер базасы сөзсіз қажет. Өйткені ядролық қаруды дамытып жатқан немесе дамытқысы келетін елдер бар. Олар оны бейбіт мақсатта қолдана ма? Назарбаевтың реестр туралы идеясы өте тамаша. Ол жүзеге асады деп үміттенемін. 

Ғалымдар жаңалығының нәтижесі дүниені өзгертеді. Тек жақсылыққа емес, өкінішке орай. «Ғылыми жаңалықтар реестрі осындай өкініштердің алдын алуы мүмкін», – дейді ғалым, ядролық физика институтың директоры Саябек Сахиев.  

Саябек Сахиев, «Ядролық физика» институтының бас директоры

-Өздерін демократиялы ел деп санайтын батыс елдері де, демократиялық централизм деген Кеңес елі де осы ядролық бомбаны ойлап тапқан кезде ашықтан жасаған жоқ. Жасырын жасады. Қару-жарақтың қай түрі болсын ашық жасамайды ешкім.

Негізінен әлемдегі атом энергиясының жұмсалу бағытын, мақсатын, қауіпсіздігін МАГАТЭ ұйымы бақылайды. Уран өндіруден әлем бойынша 2-ші, сату жөнінен 1-ші орында тұрған Қазақстанға әсіресе жиі келеді ұйым өкілдері. Төмен байытылған ядролық отын банкін құрғанымызды да құптады олар. 

Грег Ржентковский, Ядролық құрылғылар қауіпсіздігі бойынша МАГАТЭ директоры 

-Қазақстан мен МАГАТЭ қарым-қатынасы ашықтыққа негізделген. Төмен байытылған уран банкін құруда Қазақстан қауіпсіздіктің ең жоғары талаптарын қамтамасыз етті. Ядролық отын қоры бұл уранды сыртқа шығарғанда, атомның бейбіт мақсатта қолданылатынына толық кепілдік береді.

Грег Ржентковскийдың олай дейтіні пиғылы теріс лаңкестер төмен байытылған уранды өз қажеттеріне еш жарата алмайды.

Саябек Сахиев, «Ядролық физика» институтының бас директоры

-Атом энергиясын бейбітшілік емес соғыс мақсатта қолдану үшін 235 уранның сапасы, құрамы 95 пайызға жеткізілу керек. Ал төменгі байытылған уран – 20 пайыз. Яғни 20 пайыздан 95 пайызға көтеру ол көзі түсіп жүрген лаңкестер жалаң қолмен жасай алмайды. Оған өте жоғары технология керек.

Сондай-ақ Манифесте: «Өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап суының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн», – делінген. Бұл мәселеге қатысты құжат бар. Ол – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1971 жылы қабылдаған келісім. Ендігі мәселе – оның орындалуын қадағалау. 

Манифестегі маңызды тағы бір мәселе – Таяу Шығыстағы, Палестина-Израильдегі, Украинадағы жан-жалдарды тоқтату. Таяу шығыстың дертін Қарин мырза мықты білетіндіктен, жүз журналиспен жағаласып сұхбат алуға тура келді.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

-Соңғы 10-15 жылда әлемде болып жатқан террорлық актілердің 60 пайызы негізінен бес елдің үлесіне тиеді. Ол – Ауғанстан, Сирия, Пәкістан, Ирак тағы басқа. Бұл елдер ұзақ жылдар әртүрлі мемлекеттердің геосаяси күштердің қақтығысында орналасқан. Яғни бұл елдер алып мемлекеттердің геосаяси қақтығыстарының құрбандары ғана. Сондықтан ең бірден-бір алғышарт – халықаралық саясаттағы шиеленісті азайту, халықаралық аренадағы мемлекеттер арасындағы диалогты дамыту.

Корей түбегіндегі, аралдар үшін арпаласып жатқан Оңтүстік Қытай теңізі акваториясындағы ахуалды соғыссыз, қантөгіссіз шешу де зор жауапкершілік. 

Арктикадағы көмірсутегінің бай қорына таласқан Норвегия мен Ресейдің дауы да қауіпті. Өйткені Арктиканы өз территориясының бөлінбес бөлшегі санайтын Ресей: «Бұл шиеленісте Норвегияға қару қолдануы да мүмкін», – дейді сарапшылар. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай түйткілдердің бәрін ескеріп, адамзатты «Соғыссыз әлемге» үндеп отыр.  

Авторлары: Мақпал Мадиярова, Мейрамбек Ахмаханов 

5.Сарапшылар мұнай бағасына болжам жасады

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қалай құбылса да Қазақстанның өндіріс көлеміне қатысты өз жоспары бар. Бұл туралы Дохада өткен мұнай экспорттаушы елдер ұйымы басқосуынан кейін арнамызға эксклюзивті сұхбат берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті. 

Оның айтуынша, Катар кездесуінің күн тәртібіндегі басты мәселе қазіргі мұнай өндірісі көлемін қаңтар айындағы деңгейде ұстап тұруға Қазақстан дайын. Өйткені жыл басында бізде өндіріс мөлшері жоғары болатын. 

Ал егер шикізат бағасы қазіргідей 40 доллардың үстінде болса, биыл елімізде 77 миллион тонна мұнай өндіріледі. «30 долларға құлдыраса, өндіріс көлемі 74 миллион тоннаға дейін кемиді», – деді министр. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі 

-Баға өсетін жағдайда жұмысы уақытша тоқтатылған кен орындары мен кеніштерді қайта ашуға болады. Бұған қомақты қаржы қажет болғанымен, біз бұрынғы межеге шыға аламыз. Сондай-ақ жылдың соңында ұзақ күткен ірі кен орны Қашағандағы жұмыс басталады деп күтілуде. Бұл келесі жылы өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік мұнайдың 70 пайызын экспорттайтын 17 мемлекет өкілдерінің нәтижесіз басқосуынан кейін шикізат бағасы бірден 6 пайызға түссе, осы аптада соңғы бес айдағы ең жоғарғы көрсеткіш 46 долларға дейін жетті. Кейін ұлттық валютамыз да нығайып, күні кеше жыл басынан бері алғаш рет 5 теңгеге күшейді. Алайда «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, теңгенің долларға шаққандағы бағамы жалғыз мұнай құнына тәуелді емес. Оған әлемдік экономикадағы ахуал, оның ішінде еліміздің ірі сауда-экономикалық серіктестері Ресей мен Қытайдағы жағдай да әсер етеді.

Қайрат Келімбетов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басшысы

-Қазір мұнай экспорттаушы елдер ұйымының өз ішіндегі ірі ойыншылардың арасында келісім жоқ. АҚШ-тағы тақтатас мұнайы, осы елдегі өндіріс көлемінің өсуі, Ливия мен Ирандағы өндіріс қарқынының артуы. Мұның барлығы мұнай бағасына, валюта нарығының құбылуына қалай әсер ететіндігі философиялық сұрақ. Ол үшін әлемдік экономикадағы өзгерістерді қадағалап отыру керек. Бір болжам, биыл мұнай бағасы 40-50 арасында, ал келесі жылы 50 доллардан сәл асуы мүмкін. Бірақ болжамдардың бәрі тура келе бермейтінін де ұмытпау керек. 

Еске сала кетсек, биылғы ақпан айында Дохада өткен алғашқы кездесуде Ресей, Сауд Арабиясы, Катар мен Венесуэла мұнай өндіру көлемін қаңтар айындағы деңгейде сақтауға келіскен еді. Осы оқиғадан кейін шикізат бағасы сәл ауытқыса да, тек өсумен келеді. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының ортақ мәмілеге келу мүмкіндігі нарыққа дем беріп отыр. 

Дархан Әбдуахит, жүргізуші 

-Сәкен, жуық арада мұнай бағасы қалай құбылуы мүмкін?

Сәкен Сейітханұлы, шолушы 

-Халықаралық мұнай саласының мамандары алдағы уақытта баға 30-35 доллардан төмен түспейтінін айтады. Себебі ОПЕК-ке мүше емес елдер мұнай өндіруді азайтады. Сол кезде жиналған қор ертерек таусылуы ықтимал. Сәйкесінше шикізат құны қайта көтеріледі. Бұл шамамен шілде айынан кейін болады. 

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты 

-Мұнай бағасы тұрақтанады деп ойлаймын. Ол көтеріледі деп ойлаймын. Алдағы кезде бірақ оны уақыт көрсетеді деп отырмын ғой. Ал енді ондай болмаған жағдайдың өзінде де әрбір ел өзінің осы тығырықтан қалай шығудың жолын ойлай бастайды. Сол жолдар арқылы экономика көтеріле бастайды. 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы 

-Айта кетейін, Қазақстан да қамсыз отырған жоқ. Мұнайдың айналасындағы жағдай қалай өрбісі де, өзінің жоспарын түзіп қойған.  Опектің жиынынан қара алтын құны сәл төмендеді. Мұны сарапшылар экспорттаушы елдердің бір байламға келе алмауынан деп топшылаған еді. Бірақ 2-3 күннің ішінде баға көтеріле бастады. Қазір 45 доллардың шамасында тұр. 

Дархан Әбдуахит, жүргізуші 

-Иә, ОПЕК елдері бір келісімге келмейінше, мұнай бағасына қатысты кесімді сөз айту қиын екенін аңғардық. Жалпы Иранның өзі шектеулерді қабылдайды деп ойлайсың ба? 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы  

-Қысқа қайырсам, осы апта Иранның Сыртқы істер министрі Джавад Зариф Дохадағы саммиттен кейін өз ұстанымдарын жеткізді. Ол Иран санкцияға дейін тәулігіне 4 миллион баррель мұнай өндірген. «Енді сол межеге жетпейінше мұнай өндіру мөлшерін қысқартпаймыз», – деп мәлімдеді. 

Балтабек Қуандықов, геология-минералогия ғылымдарының докторы

-Тікелей өзімнің ойым, Иранның ұстанымы дұрыс деп ойлаймын. Олар айтады: «Біз енді санкцияға дейін мұнайымызды мынандай көлемде шығарып тұрдық», – деп. Санкция кезінде ол екі есе, одан да көп төмен түсіп кетті. Бізге енді мүмкіншілік беріңіздер, біз енді бұрынғы көлемге жетейік содан кейін сөйлесейік», – дейді. 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы 

-Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Иран жуық арада 4 миллиондық межеге жете қоймады. Себебі тек қана ұңғымаларды жаңалап, өндірісін жетілдіру үшін кемінде 2-3 жыл уақыт керек. Қазір Парсы шығанағындағы ел тәулігіне 2 миллион баррельге жуық өндіреді.  

Дархан Әбдуахит, жүргізуші 

-Демек, ОПЕК-те көтерілген мәселердің түйіні бүгін-ертең тарқамауы мүмкін? 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы 

-Мүмкін.

Дархан Әбдуахит, жүргізуші 

-Қалай дегенмен де, әліптің артын бағамыз. Венадағы жиынды күтеміз.  

6.Долларсыздандыру бағыты

Ақпанның аяғында «G-20-лық» Шанхайда бас қосты. Сол кездесуде әлемнің саясаттанушылары құпия бір келісімге келген деседі. 

Жалпақ жұртқа жайылмаса да, жиынның жабық есік жағдайында өткені рас. Осыдан-ақ астар іздеуге болды. «Олар «америкалық валютаны» астыртын түрде әлсіретпек». Қазір  дүниежүзілік ақпарат құралдары осыны жазуда. Сарапшылардың бір тобы: «Әлемде ақша айқасы жүріп жатыр», – дегенді алға тартады.

Асылында долларға қарсы ұстаным ертеректе басталған. Мәселен, 2000 жылы еуро дүниеге келді. Кәрі құрлық осылай «долларсыздану» саясатын бастап кетті. Бұл өз кезегінде экономика державасына айналуды көздейтін Қытай үшін сәтімен болған оқиға. 

Аспан асты елі бүгінгі таңда 30-дан астам мемлекетпен сауда-саттыққа келгенде юаньге көшуге уағдаласқан. Тап осы республика басшылық ететін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі де қауқарын арттырып келеді.

Жақында Ұлыбритания ойламаған жерден осы банкке қосылды. Кейін іле-шала Франция, Германия, Италия кірді. Енді АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы басты одақтасы Австралия да бұл мәселе жөнінде ойланып жатқанын айтқан.

Сонымен доллар мінберге қалай шықты? Кей деректерге сүйенсек, түрткі болған 1973 жылғы Араб-Израиль соғысы. Сол шайқасты АҚШ өз пайдасына сәтті қолданған. Яғни Араб елдерін мұнайды тек долларға ғана сатуға көндірген. Міне, содан бері қара алтынның баррелі америкалық валютамен есептеледі. 

Экономикамыздың мұнайға тәуелді екенін ескерсек, жаңа жаһандық ахуалдың бізге де оңайға соқпасы анық. Әрине, әлемдік нарықтан алыстап кетпеспіз, дегенмен, Үкімет «долларсыздандыру» саясатын қолға алды.

Жанталасқан заман қазір. Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Кімнің қойынға тыққан тасы бар, ешкім біліп болмас. Салдарынан әлемдік экономикадан маза кетіп, мұнайдың бағасы мың құбылып тұр. Мұнай құбылды дегенің доллардың дәурені жүрді деген сөз. Әсілі, тірлігі осы қара алтынға тәуелді мемлекеттер үшін жағдай мүшкіл.

Вячеслав Додонов, қаржыгер-сарапшы

-Инфляция тұрғысынан бұл жыл былтырғымен салыстырғанда, әлдеқайда қолайлы болады. Себебі мұнай және девальвация  желілері бойынша негізгі соққы өтті. Биыл 2014 жылдың соңы мен 2015 жылы орын алған күйзелістер болмайды.

Қазақ экономикасы түптеп келгенде 80 пайызға дейін долларға байлаулы еді. Депозиттердің 70 пайызы өзге валютамен сақталып, қалған 30 пайызы ғана төл теңгеге тиесілі болатын. 

Елбасының тапсырмасымен Үкімет осыдан бір жыл ілгеріде «долларсыздандыру» саясатын қолға алды. Содан соң жағдай біршама өзгерді.

Әділ Мұхамеджанов, ҚР Ұлттық банкі монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары

-Ұлттық банк соңғы екі айдан бері тек шетел валютасын сатып алушы болып табылады. Демек, тұрғындар теңге құралдарының тартымдылығын көріп отыр. Яғни долларға қарағанда теңгемен салынған салымнан көрер үлес жоғары екенін халық білді. 

Бұл «долларсыздандырудың» бір жеңісі. Ұлттық банктің басына келген Данияр Ақышевтің алғашқы бір ісі. Бағамы «басты ауыртса да», депозитке келгенде, теңге доллардан асып түсті. Себебі ақпанда бас банкирдің бастамасымен, төл теңгені депозитке қоюдың жылдық сыйақысы 14 пайызға көтеріліп, ал «америкалық валюта» түріндегі депозиттікі керісінше 1 пайызға төмендеген еді.

Асқар  Майлыбаев, сараптама қызметінің жетекшісі

-2016 жылдың тек ақпан айында жеке тұлғалар банктерге 529 миллиард теңге көлемінде салым салған. Бұл қаңтар айындағы тартылған үлестен 2-3 есеге жоғары. Сондай-ақ ақпандағы көрсеткіштің өзі 2015 жылы тартылған жалпы қаражаттың 23 пайызын құрап отыр.

Сараптамалық орталықтың мәліметіне сенсек, 2016 жылдың ақпан айында валюта айырбастау пункттері долларды 54 пайызға аз сатқан. Қаңтарға қарағанда. Ал өткен мен биылды салыстырсақ, 2015 жылдың қаңтар-ақпанында 2,9 млрд доллар, 200 млн еуро, 49,4 млрд рубль сатып алынса, бұл көрсеткіш 2016 жылдың екі айында 495 млн доллар, 57 млн еуро, 13,4 млрд рубльды құраған. 

Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор

-Мысалы, 2015 жылы инфляция деңгейі 15,7 пайыз болды. Біз осыны мемлекеттік басқару органдарымен, Ұлттық банк біріге отырып белгілелеген инфляциялық таргиттеу арқылы 6-8 пайызға жеткізу төл теңгеміздің салмағын өсіріп, материалдық жұмысты, өндірісті ұйымдастыруға жол беретін бірден-бір айшықты жол болып табылады. 

Экономист Бауыржан Исабеков Қазақстан экономикасын алға тартушы негізгі үш шараны тізіп шықты. Алдымен келетін инвестицияларды тек қана шикізат саласына емес, өңдеу мен өндіруге тартудың оң тенденциясы. Сосын салық жүйесіндегі реформалар. Яғни инвестициялық тартымдылықты жүзеге асыру мақсатындағы жеңілдіктер. 

Соңғысы, нарықта жасалып жатқан шаралардың өлшемі төл теңгемізбен болуы. Бұл жетістік енді. Түсірілімге бара жатып жолда жолыққан жолаушының да пікіріне құлақ түрсек. Нұржан Дәулетбаев тәуелсіз экономист ретінде өз ойымен бөлісті.

Нұржан  Дәулетбаев, экономист

-Дүниежүзілік экономиканың құлдырауынан басталған  рецессияға байланысты Үкімет: «Біз банкті қолдауымыз керек», «Мемлекеттік қордан ақша бөлуіміз керек», – деп айтты. 2008 жылдан бастап, банк саласын мемлекеттік бюджеттен қолдап отырдық. Ал мысалыға 2005 жылы осы мәселе болғанда, біздің экспортный позициямыз әлсірей бастағанда, банктен қандай көмек болды мемлекетке? Сол мәселені ешкім көтерген жоқ. 

Экономист: «Банк саласын реформалау керек», – деп түйді ойын. Айтуынша, англосаксондық жүйеден арылып, шығыстың шымыр әрекетін елге әкелу қажет.

Нұржан  Дәулетбаев, экономист

-30-дан астам банктің жүйесін, показательдерін өзгерту керек. Мысалы, оларды біріктіру керек деп ойлаймын.

Шығыстың ширақ дамып жатқаны, шындық. Дегенмен: «Өз қамыңды өзің ойламасаң, аспаннан ақша түспес», – деген қағиданы ұмытпаған жөн.

Думан Қыдырбаев, ҚР Орман шаруашылығы және қайта өңдеу қауымдастығының төрағасы

-Біздің саладағы кәсіпкерлерге доллардың ешқандай қажеттілігі жоқ. Өйткені бізде экспорт жоқтың қасы. Біз қазәр содан кетіп, импортты алмастыру жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 

Жақында орман шаруашылығы және қайта өңдеу саласының өнеркәсіптері өнімдерін ұсынып, Астанада көрме өткізді. 

Бірнеше инновациялық жобалар бойынша отандық кәсіпорындар шетелдік әріптестерімен келісімшартқа қол қойды. Яғни болашақта тауар алмаспақ. Біздікілер сауда-саттықты теңгемен жүргізуге талпыныс жасаған.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Мысалы, гүлін сатып тұр. Ана доллар анау жақта өссе, гүлдің бағасын өсіреді. Ол өсірмеу керек. Міне, осындай ұлттық сана жетпей жатыр. 

Жаһан жаңалыққа толы. Кезекті дауыл қай тұстан соғады, дөп басып ешкім айта алмас, тек болжам. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», – дей ме қазақ?! Бәрі өткінші. Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Теңгемен сатып, теңгемен сатып алыңыз. «Бас аурудан» бас тартқыңыз келсе?!

Авторлары: Мырзабек Түсіпов, Аманжол Байғазин, Айтжан Отызбаев, Әлібек Әлиев

7.Татулық темірқазығы

«Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, ал балалардың мүгедек болмауын, қарт адамдардың өзінің күйреген үйінің алдында жыламағанын қалаймын». 1995 жыл.  24 сәуір. Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясындағы Президент баяндамасынан үзінді. 

Жылдар жылжыды, бәлкім жолда жолыққан қиындық көп болған шығар, бірақ тынышпыз, жылаған жан жоқ. 

Ендігі апта Қазақстан халқы Асамблеясының кезекті сессиясы өтеді. Татулық туралы тағы айтылады. 

«Бұл қоғамдық институт өміршеңдігін дәлелдеді. Ұлттың ұйытқысына айналды», – деген тіркестер бәлкім жауыр болған шығар. Алайда түпкі мазмұнынан ешқашан айырылмақ емес. Бірлік пен бейбіт өмір көп этносты саналатын бізге ғана емес, барлығына керек. 

Әділбек Құламан, тілші 

-Құнды дүние дегенде, татулықтың темірқазығы болған Ассамблея туралы кез келген тарихи жәдігерді құнды деп айтсақ болады. Мәселен, мына менің қолымдағы бейнетаспада тұтас тарих сақталған. Сол тарихқа сәл шегініс жасап көрейік.

Қазақстандағы этнос өкілдерінің басын қосатын қоғамдық ұйым құру туралы Елбасының идеясы Алматыда өткен Қазақстан халқының бірінші форумында қоғам талқысына ұсынылды.

Розақұл Халмұрадов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі 

-Сол кезде батыстың сарапшылары, кейбір саясаттанушылар осы кезек енді Қазақстанға да келетін шығар. Қазақстанда осындай қақтығыс болатын болса, ол мемлекет ретінде жойылып кету де мүмкін. Себебі онда 130-дан астам ұлт, ұлыс өкілдері тұрады. Олар бір мәмілеге келуі мүмкін емес деген ойды да айтқан болатын.

Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйым құру туралы ұсынысы қолдау тауып, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Президенті жанынан консультативті-кеңесші орган өз жұмысын бастады. 

Сол жылы барлық облыстарда кіші Ассамблеялар құрылып, олардан сессияға 260 делегат сайланды. Алғашқы сессия 1995 жылдың 24 наурызында Алматы қаласында өтті. 

Георгий Кан, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі 

-Ассамблеяның құрылуы сол жылдардағы меграцияға әсер етті. Яғни сыртқа үдере көшу төмендеді. Біз адамдардың көңіл-күйлерінің өзгергендігін байқадық. Бұл тұрғыдан да Ассамблеяның рөлі өте жақсы болды. 

Елбасының елді бірлікке жетелеген берік саясатының алғашқы қадамдары жан жақты қолдау тапты. Мәселен, 1992 жылы Өскемен қаласынан тұңғыш Достық үйі ашылды. 

Лео Шик, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

-Қазақстандағы ең алғашқы Достық үйінің ашылу салтанатына Елбасының өзі келіп қатысты. Достық үйі алғаш рет қаладағы киноландыру басқармасының бейнеқор ғимаратында қалыптасты. Кейін Біз Достық үйінің мүмкіндігін арттырған жаңа ғимаратқа ие болған соң бұрынғы ғимаратты Өскемендегі алғашқы мешітті ашуға бердік. 

Лео Шик осы Достық үйінің алғашқы директоры, аймақтағы белсенді ардагерлердің бірі. Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдардың басында түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіретін он шақты орталық болса, бүгінде оның саны 25-ке жеткен. 

Алғашқы Достық үйінің 20 жылдығында ғимараттың ауласына ескерткіш мүсін орнатылыпты. Өңіріндегі тағы бір өзгешелік, әр ұлттың тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімін бейнелейтін этноауыл бар. Бұл әзірге Қазақстан бойынша теңдесі жоқ туынды. 

Ассамблея тарихындағы тағы маңызды оқиғаның бірі Қазақстан жағдайында аз ұлттар өкілдерінің билік құрылымдары мен жоғары мемлекеттік басқару органдарына ресми қатысуын қамтамасыз ету үшін Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін Парламентке квоталап сайлау идеясын ұсынған еді. 

Содан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, 2007 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымында Ассамблеяның атынан тоғыз депутат сайланды. Солардың бірі – Розақұл Халмұрадов.

Розақұл Халмұрадов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі 

-Сол сайланған 9 депутатқа Президент: «Сендер Парламентте өз ұлттарыңның өкілі емессіңдер, сендер бүкіл Қазақстан халқының, ҚХА өкілісіңдер. Сол себептен сендер бүкіл халықтың мүддесін қорғайсыңдар. Бүкіл халықтың керекті мәселесін көтересіңдер. Мына елдің бірлігі, тұрақтылығы мәселесіне сендер атсалысасыңдар», – деген тапсырма қойған. 

Заң шығарушы органға келген жаңа топ Елбасының тапсырмасымен 2008 Заң қабылдады. Соған сәйкес институттың атауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді. 

Розақұл Халмұрадов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі 

-Бір Отанда әртүрлі халықтар болуы мүмкін емес, бір халық болады. Әртүрлі этностардың, әртүрлі ұлттардың өкілдері, бірақ бір халық. Сөйтіп Ата Заңымызға сәйкестендіріп, 2007 жылы өзгеріс енгізіп, қазір Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталады.

Әділбек Құламан, тілші 

-Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағатына кіруге мүмкіндік алдық. Бұл негізгі мұрағат қоймасы болып саналады. Мұнда Елбасының жеке басына тиесілі және мемлекеттік маңызы бар құжаттар сақталған.

Жангелді Бимолдин, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағатының жетекшісі 

-Бұл мемлекеттік құнды құжаттар болып есептеледі. Өздеріңіз білесіздер, ҚХА Елбасының идеясы. Мына құжаттар сол мәлімдемелері. Бұлардың барлығы түпнұсқалар. 14 желтоқсан 1992 жыл. 

Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді. 

Шаймардан Нұрымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Былтыр Қытайға бардым. Сонда олар жасырған жоқ: «Қазақстан моделін, Қазақстандағы ұлтаралық бірлікті нығайту жолдарын үйренеміз. Қазақстаннан үйренетін нәрселер көп», – деп мойнына алып жатыр. 

Мықты деген талай мемлекет ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екендігіне кезінде мән бермей, қазір қырғи-қабақ соғыс жағдайында тұр. 

Жер-жаһандағы осындай түрлі оқыс оқиғалар мен қантөгістерді естіп-көріп жатқанда, әрине, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың қадірі арта түсетіні сөзсіз. 

Авторы: Әділбек Құламан