Хабар телеарнасы

Соңғы ақпарат

Бүгінде 14 облыста тілшілеріміз бар. Бір облыстың басты жаңалығын жеткіземін дейтін аймақтағы журналистердің көтерер жүгі де жеңіл емес.

Агенттіктің ең алғашқы тілшілер қосыны 1996 жылдың күзінде Ақмола облысы қазіргі Астанамызда ашылған еді. Содан бері Саин Есмағи, Жеңіс Құспанов, Қалыбек Атжан, Тілеуқабыл Мыңжасар сынды азаматтар әр аймақтың жаршысына айналды. 

Ал меншікті тілші қызметін Ташкеннен бастаған Әбдез Рахманұлы қиындықтардың аз болмағанын айтады. 

Әбдез Рахманұлы, Оңтүстік қазақстан облысындағы тілші 

-Өзбекстанда жұмыс істеген кезде ең қиналған жеріміз, болған жағдай немесе оқиғаға қатысты биліктен ресми ақпарат алу болатын. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес, сондағы «Би Би Си», Азаттық радиосындағы әріптестерім де ақпарат ала алмайтын. 1999 жылы 16 ақпандағы Тәшкенде болған жарылыстардан соң бұл жағдай тіптен қиындап кетті.

Жергілікті халықтың мұң мұқтажы мен қуанышын барша жұртқа тезірек жеткізуге асыққан Теріскейде тілші болған Руслан Оспановтың қоңыр дауысы мен Оралдан естілетін Ардақ Айбарұлы, Абайдың топырағынан Болат Көкенайұлы, Қарағандыдағы Ардақ Асылханұлы «Хабар» көрермендерінің әлі  көз алдында. 

Бұл қатарда нәзік жандар да жоқ емес. Олай дейтініміз, меншікті тілші мен серіктесі оператор мен жүргізушісі бар шағын шығармашылық топ түйткілдің түйінін тарқату үшін кеңселердің табылдырығын тоздырумен қатар күн-түн демей, шалғай ауылдарды аралайды. Қажет болса, толарсағынан су кешіп, тәуліктеп жолда жүреді. 

Гүлмира Әбішева, Маңғыстау облысындағы тілші  

-Каспий теңізі арқылы 3, ал құрлықта 2 мемлекетпен шектесіп жатқан Маңғыстау облысы еліміздің батыс қақпасы саналады. Сондықтан да маған жүктелген міндет – осындағы Ақтау теңіз портының дамуы, жалпы Каспий теңізіндегі экономикалық жетістіктеріміз бен жаңа темір жолдардың мүмкіндігі туралы шынайы ақпаратты ел жұртшылығына жеткізу. Бір сөзбен айтқанда түбектегі барлық маңызды оқиғалар назарымыздан тыс қалған емес.  

Алуа Маханбет, тілші  

-Бүгінде «Хабар» Агенттігінің»  барлық облыстарда тілшілер қосыны болса, ал ауқымды міндеттер мен жауапты тапсырмаларды да атқарып келе жатқан мына біздің Алматы бөлімшесі. Астанаға ағалық жолын беріп, бүгінде 1,5 миллионнан астам тұрғыны бар алып шаһардың әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени жаңалығын жеткізіп, тынбай еңбектеніп жүрген осындағы әріптестер.   

Бұл еліміздегі тілшілердің тынысы. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген әріптестеріміз жайлы ертең білетін боласыздар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Ернар Сайлаубаев