Хабар телеарнасы

Алдағы күндері елдің бірқатар аумағында жел күшейіп, боран соғады

Солтүстік өңірлерде ауа райы +1 градусқа дейін жылып, демалыста жауған қалың қар күрт еріді. Ал оңтүстікте сынап бағанасы тіпті +18-ді көрсетті. Қазгидрометтің мәліметінше, бұл – 24-і күні батыстан жеткен Оңтүстік Каспий циклонының әсері. Жылы ауа бірқатар аймақ тұрғындарын әбігерге салды. Көп өңірде көлік қатынасы қиындап, тасжолдар мүлдем жабылды.

Қарағандыда кешеден бері толассыз жауған жаңбырға еріген қар суы қосылып, жұртты әбігерге салды. Көшелер суға толып, көлік қатынасы қиындады. Синоптиктердің айтуынша, аймақтың өзге аудандары да жауынды. Қазір қауіпсіздік үшін барлық бағыттағы жолдар жабылды.

Кешеден бері облыс аумағында 6 ірі жол апаты болып, 5 адам ауыр жарақат алған. Бір адам көз жұмды.

Жанна Дәуренбекова, Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Халыққа алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Әсіресе түнде ауа райының бұзылу жағдайында жүргізушілерге жылдамдық режимін және қажетті қашықтықты сақтауға кеңес береміз.

Көктайғақтың кесірінен Павлодарда да түннен бері барлық бағытқа жол жабық. Облыстағы Аққу ауылынан 25 шақырым қашықтықта 4 автобус тоқтап, 100 отбасы жол ортада қалған. Қазір жолаушылар қалаға жеткізілді. Мұзға тайып, жарақат алғандардың қатары да көп. Қазір ондағы барлық жедел әрекет ету қызметі күшейтілген тәртіпке көшкен.

Қанат Асылханов, қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Бүгін жарақат алған кісілердің саны көп. Таңертеңнен бастап бізге 100-ден аса жарақат алған адам келді. Түгелін қабылдап жатырмыз. Көріп отырсыздар.

Оңтүстік Қазақстан облысында керісінше, қар жоқ. Ауа райы 20 градусқа дейін жылып, көктем шыққандай болғанымен, бүгін жел күшейді. Синоптиктердің болжауынша, желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетіп, жауған жаңбырдың соңы қарға ұласады. Түнде -7 градусқа дейін төмендейді. Бірақ жаңа жылға қарсы күн қайта жылиды.

Арайлым Маханова, «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының инженер-синоптигі:

- 28 желтоқсан, яғни Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауа райы біршама көтеріңкі болады. Ауа температурасы +10,+15 градусқа көтеріледі.

Қазгидрометтің мәліметінше, жалпы елдің бірқатар аумағында циклон әсерінен жел күшейіп, боран соғады. Түнде сынап бағанасы көтеріліп, еріген қар көктайғаққа ұласады. Осыған орай төтенше жағдай қызметі жүргізушілерге алыс жолға шықпауды ескертеді. Ал ауа райы болжам бойынша, желтоқсанның 28-іне қарай бір қалыпқа түседі.

Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Салауат Темірболатұлы, Әбдез Рахманұлы