Хабар телеарнасы

Қар ерте түсіп, жауын-шашын көп болады

Астана іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғыны Николай Норин қысқа ерте бастан дайындалады. Отынды қыркүйек айында алып, қаттап жинау қарияның әдеті. Ол биыл қыстың суық болатынынан хабардар. «Дегенмен, бұрынғыдай қыс жоқ», – дейді 62 жыл осы ауылда ғұмыр кешкен азамат.

Николай Норин, Жібек жолы ауылының тұрғыны 

-Бұрын осы уақытта Астанада аяз болатын. Күн райы 25 градусқа дейін төмендеп, боран 2-3 аптаға созылатын. Ақтүтек бораннан көрші үйді көре алмайтынсың. Соңғы жылда күн жылынып кетті.

Алайда «Қазгидромет» мамандары: «Қараша айының басында еліміздің шығысы мен солтүстігі және орталығында күн күрт суытады», – деп болжауда. Қазақстан бойынша қар ерте түсіп, жауын-шашын әдеттегіден көп болады. 

Меруерт Сақымова, «Қазгидромет» РМК Ұзақ мерзімді ауа райын болжау басқармасының жетекші маманы 

-Қарашаның басында солтүстік өңірлерде, оңтүстікте қалың қар түседі. Еліміздің шығысында, солтүстігі мен орталығында ауа температурасы түнде 15-27 градусқа дейін төмендейді. Батыста, оңтүстік пен оңтүстік шығыста түнде 5-12 градус, күндіз 0-5 градусқа дейін аяз болады.

«2017 жылдың қаңтары мен ақпанында қатты аяз болады», – деп болжануда. Дегенмен, ғалымдар жалпы жер бетінде ауа райы бұрынғыдан 1 градусқа жылығанын айтады. 

Мәңгі жасыл құрлықтарды жаз ортасында қар басып, Гренландия мұздақтары еріп, бу мен суға айналуда. Ауа райының құбылуының бірнеше себебі бар. Ең бастысы – түрлі химиялық зиянды қоспалардың атмосфераға таралуы.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Серік Қоңырбаев