Хабар телеарнасы

Қызылорда: Телевизия тарихы – ел тарихы

Бұл саладан талай талант түледі. Тізімде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс пен «Ақпарат саласының үздігі» Айткүл Шалғынбаева да бар.

Редакция мен студиядағы 39 жыл. Айткүл Шалғынбаева – бар ғұмырын телеарнаға арнаған жан. Ол қазақ телевизиясына студент шағында келді. Қарапайым өндірістік тәжірибенің соңы өмірлік кәсібін айқындап берді. Әуелде жастарға арналған бағдарлама әзірлеуден бастағанмен, кейін сүбелі тақырыптарға бойлай бастайды. Қарымды қалам иесі Сыр өңірінде облыстық телеарнаның қалыптасуына да үлкен үлес қосты.

Айткүл Шалғынбаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

- Қазақ телевизиясында қызмет еткен, оны қалыптастырған және қазақ телевизиясында қалыптасқан, телеарнаның бүкіл жүгін алып жүрген тележурналистер бүгінгі күні осы Қазақстандағы телеарналардың жүгін көтеріп жүр десек болады.

Тәжірибелі журналист білгенін жастарға үйретуден де танған емес. Оның «Аптадағы Ақмешіт», «Сөз анық», «Алқа» секілді авторлық хабарлары 18 жылдан бері эфирден түскен жоқ. Айткүл Шалғынбаевадай қазақ телевизиясында өзіндік із қалдырған тұлғалардың бірі – Ержан Уайс. Ол – Қазақстан телевизиясы мен радиосының тұңғыш шетелдегі арнаулы тілшісі әрі Тұңғыш Президенттен сұхбат алған тұңғыш журналист. Еңбек жолын Алматы қаласында 1969 жылы режиссердің көмекшісі қызметінен бастайды. Осылайша жан-жақты әрі ізденімпаздығының арқасында телеарнаға тән барлық қызмет сатысынан өтеді.

Ержан Уәйіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Мысалы 1983-82 жылдары Қызылорда облысында Шалқия кен орны болды. Жердің астында 200-300 метрден репортаж жүргізетінмін. Алматыда мына орталық алаңда 1 мамырдағы еңбекшілердің демонстрациясы болады. 7 қарашада Ұлы Октябрь революциясының мерекелік күні деген болатын. Солардан міне репортаж жүргіздім.

Ержан Уәйіс – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дайындалған еліміздің сыртқы байланыстары және Елбасы туралы деректі фильмдердің де авторы. «Сол жылдары әлемдік саясатта танымал тұлғалардан сұхбат алдым. Телеарнада қызмет жасауым талай тарихи оқиғалардың куәсі болуға себеп болды», – дейді ол. Тіпті Түркияның Президентінен бағалы фотоаппаратты сыйлыққа алғанын да мақтанышпен айтады. Ол өзінің Қазақ телевизиясына арнаған кезеңін «өмірінің ең бақытты бөлігі» деп бағалайды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов